ӘЧ – 2026: Аргентина жартылай финалда
Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы әлем кубогына тағы бір қадам жақындады. АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында өткен драмаға толы матчта олар Швейцарияны тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. 70 мыңға жуық көрермен жиналған алып аренадағы матч туралы Шерхан Жамбылұлы жалғастырады.
Канзас сити. АҚШ-тың маңызды логистикалық торабы. 2 миллионнан астам халықтың мекені. Әдеттегі қаланың жайбарақат тіршілігіне футбол чемпионаты мерекелік леп әкелді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Екі бірдей штаттың түйіскен жерінде орналасқан бұл қаланы жергілікті тұрғындар Америка жүрегі деп атайды. Себебі солтүстік құрлықтың дәл орталығында орналасқан. Ал қазір бұл шахар әлемдік футболдың маңызды орталығына айналып отыр.
Қоғамдық көліктен бастап дүкендерге дейін футбол тақырыбында безендірілген. Ал спорт кафелерінде бос орын жоқ. Ойын алдында көпшілік өзге футбол матчтарын теледидардан тамашалап жатыр.
Фелипе, жанкүйер:
Қазақстанға барғым келеді. Instagram-нан таулары мен көлдерін және атпен серуендейтін көркем жерлерін жиі көремін. Бір күні міндетті түрде сіздің еліңізге саяхаттап барамын. Ал футболға келсек, бұл мен тамашалап жатқан екінші әлем біріншілігі. Қатарда Аргентинаның чемпион атанғанын өз көзіммен көрдім. Ол - өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі.
Ойынға санаулы сәттер қалғанда стадион маңайы көгілдір-ақ түстерге боялды. Аргентиналықтар саны басым. Қызыл туды көтергендер көп емес. Канзасқа Швейцарияның небәрі 2 мыңдай жанкүйері келген.
Ойын кешке өткенімен күн қызуы қайтпаған. Көрермендер су шашатын алып құрылғының көмегімен ыстығын басты. Ал фристайл шеберлері допты ұршықша иіріп, балалардың назарын аудартты. Бастысы достық атмосферасы. Жанкүйерлер жұлдызды футболшылардың ойынын тағатсыздана күтіп жүр. Әрине атақты шабуылшы Лионель Мессидің фанаттары көп.
Ариель, жанкүйер:
Мессидің ойынын 2003 жылдан бері бақылап келемін. Мен үшін ол - тарихтағы ең үздік футболшы. Бірақ Мессиді тек шеберлігін үшін емес, адамгершілігі үшін де құрметтеймін. Мысырға қарсы ойында өз деңгейін көрсете алмаса да, басқа кездесулерде 22 жастағыдай сергек ойнады.
Алып аренаға 70 мыңға жуық көрермен жиналды. Бұл биылғы біріншіліктің жүзінші ойыны. Канзас қаласы осылайша чемпионатпен қоштасты.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Канзас Ситидегі алып арена бүгін тағы бір тарихи кештің куәсі болды. Аргентина тартысты кездесудің тек соңғы сәтінде жеңісті жұлып кетті. Жанкүйерлер қуанып жатыр. Әлем кубогын көздеген Аргентина арманына бір қадам жақындай түсті. Енді олар жартылай финалда Англиямен кездеседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы