Басты Жаңалықтар Норвегия командасы келесі кезеңге өтті

Норвегия командасы келесі кезеңге өтті

Доп додасы қыза түсті. Кеше түнде әлем кубогының плей-офф кезеңінде Норвегия мен Кот д Ивуар командасы кездесті. Тартысты өткен ойында Холланд бастаған жігіттер басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Даллас. Осы әлем біріншілігіндегі басты қалалардың бірі. Мұнда он шақты ойын өтеді. Қазір мұнда шіліңгір ыстық. Дегенмен аптап ыстыққа қарамастан жанкүйерлердің көңілі көтеріңкі. Олар туын желбіретіп, әндетіп футбол аламанын думанға бөлеп жатыр.

Дулығасын киген викингтер, қызғылт-сары жейделі африкалықтар.

Матч жергілікті уақытпен күндізгі 12-де басталғандықтан таң сәріден жұрт стадионға қарай ағылды. Ойынға көршілес мексиканың да жанкүйерлері көптеп жиналған.

Қауіпсіздік талаптары қатаң. Әуеден де, жерден де бақылау күшейтілген. Ал бұл уақытта медиа аймақта журналистердің жұмысы қыза түсті. Әлемнің әр түкпірінен келген тілшілер тікелей эфирге шығып, матч алдындағы атмосфераны жеткізіп жатты.

Росадо Едгар, журналист:

Меніңше, бұл Далластағы соңғы күндердегі ең аз көрермен жиналған матч болуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан мұнда керемет атмосфера болады. Нағыз футбол тойы өтеді. Өйткені жанкүйерлер әлем чемпионатына ерекше қуаныш пен энергия сыйлап жатыр.

Матч басталуына санаулы сәттер қалды. Скандинавиялықтар бір сәтке дамыл таппай, әндетіп, билеп жатыр.

Жанкүйерлердің қызу қолдауымен кездесу басталды. Қос құрама да қорғанысқа көп көңіл бөлді. Тек бірінші таймның соңына қарай Антонио Муса шеберлігімен көзге түсіп, осы әлем біріншілігіндегі ең әдемі голдардың бірін соқты.

Екінші таймда қарсыластар қауіпті шабуылдарды үдете түсті. 74 минутта африкалық команда таразы басын теңестіріп кетті. Алайда скандинавиялықтар мінез таныта білді. Сұрмерген Холланд өз командасын сегізден бір финалына алып шықты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Викингтер жорығы жалғасады. Норвегия құрамасы тартысты өткен матчта жеңісті жұлып кетті. Осылайша отандастарына қуаныш сыйлап жатыр. Енді Норвегия құрамасы келесі кезеңде атақты Бразилиямен кездеседі.


Бөлісу