Қазақстан мен Черногория ынтымақтастық көкжиегін кеңейтеді
Қазақстан мен Черногория іскерлік байланысты арттырмақ. Екі елдің сауда палаталары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бүгін Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген президент Яков Милатовичпен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елді Балқан түбегіндегі сенімді серіктестердің бірі ретінде атады. Мәдениет пен білім саласында да байланысты күшейту көзделген. Мәселен Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығы ашылып отыр. Тараптар тағы қандай мәселені талқылады? Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Яков Милатович қазақ жеріне ресми сапармен келген алғашқы Черногория президенті. Балқан түбегіндегі ел 2006 жылы ресми Сербиядан бөлініп шығып, тәуелсіздігін жариялаған. Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 20 жыл.
Черногория шағын ел. Жер аумағы Қазақстандағы орташа бір ауданмен тең. Халық саны 600 мыңнан асады. Адриат теңізінің жағасындағы табиғаты тұмса мекен. Қазір біздің азаматтар бұл елге визасыз бара алады. Тікелей әуе рейстері қатынайды. Соңғы 5 жылда 100 мыңнан аса қазақстандық осы мемлекетке саяхаттаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты.
Яков Милатович, Черногория президенті:
Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында.
Келіссөздер достық сипатында өтті. Президенттер құрметі галстуктеріннен де байқалып тұр. Екі елдің туымен түстес. Қазір қос ел арасында алыс-беріс көп емес. Биыл 4 айда небәрі 260 мың доллар болған. Тараптар тауар айналымын арттыруға ниетті. Мүмкіндік те әлеует те бар. Осы ретте Милатович балқан түбегінен біздің бас қалаға бір топ бизнесменді ерте келген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
Қазір Черногория астанасы Подгорицада Қазақстанның бас консулдығы жұмыс істейді. Бұл еліміздің екіжақты байланыстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін растайды. Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларында ынтымақтастықты арттыру жайын қарастырды.
Яков Милатович, Черногория президенті:
Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ.
Сонымен қатар тараптар туризм, жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестік пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетуге уағдаласты. Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы