Қазақстан мен Черногория президенттері келіссөз жүргізді
Қазақстан Черногориямен барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичпен келіссөз барысында айтты. Мемлекет басшысы сауда-инвестиция, көлік, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттары ретінде атады. Келіссөздерде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Президент Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі деп атап, елдің Еуропа Одағына кіру жолындағы саясатына жоғары баға берді. Яков Милатович көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейе түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты.
Яков Милатович, Черногория президенті:
Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы