Басты Жаңалықтар ӘЧ: Рекордтар жаңарып жатыр

ӘЧ: Рекордтар жаңарып жатыр

Месси рекорд жаңартты. Ал Мбаппе мен Эрлинг Холланд қос голдан соғып, командаларын жеңіске жетеледі. Бүгін мундиальдің жетінші күні. Португалия, Колумбия мен Англия және көрші Өзбекстан құрамалары өзара мықтыны анықтайды. Төрткүл дүние көз тіккен ала доп сайысының қызығы мен шыжығын тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.

Күллі әлемді термілткен теңбіл доп тартысы бұл жолы да қызыққа толы. Жарыс фавориттері саналған Испания құрамасы халқының саны миллионға да жетпейтін Кабо-Вердені жеңе алмайды деп кім ойлаған. Бұл орайда, әрине, қақпасына доп дарытпаған кипердің еңбегі орасан. Бір матчта қызыл фурияның 27 соққысын тосқан Возинья бір түнде жұлдыз болып шыға келді.

Ал әйгілі Месси өзінің турнирдегі алғашқы матчында Алжир құрамасына 3 гол соғып, Мирослав Клозенің рекордын жаңартты. Қазір аргентиналықтың қоржынында 16 гол. Бұл әзірге үздік көрсеткіш. Жалпы, Аргентина мен Алжир арасындағы матч 3:0 есебімен аяқталды.

Альберто, жанкүйер:

Мұндай жеңістен кейін екінші рет әлем чемпионы болуға толықтай мүмкіндік бар. Алғашқы ойында 3:0 есебімен жеңу, команданың мықты дайындығын көрсетеді. Нағыз чемпиондарға лайық өнер көрсетті. Мен командама ырзамын.

Роналду мен Мессиден кейін әлемнің қос үздігі атағына таласып жүрген екі алып Мбаппе мен Эрлинг Холланд та жанкүйерлеріне шаттық сыйлады. Екеуі де өздері қарсы ойнаған Сенегал және Ирак құрамаларының қақпаларына екі голдан соғып, қанжығаларын майлады.

Мундиальдің басталғанына небары 7 күн. Топтық кезеңнің бірінші айналымы ертең аяқталады. Ал бүгін CR7 бастаған Португалия құрамасы Конгомен бақ таласады. Бұл матчтың жеңімпазы айқын дейді спорт сарапшылары.

Фархат Қаналы, спорт комментаторы:

Португалия мен Конго құрамалары осы топтағы аутсайдер мен фаворит командалардың жолығатын матчы деп айтсақ болатын шығар. Себебі, екінші топта екінші командалар бар, бұл жерде Өзбекстан және Колумбия. Сөзсіз, бұл топтың фавориті – Португалия. Сондықтан, менің ойымша, Конго командасынан оңай жеңіске жетеді. Себебі, бүгінгі Аргентина құрамасының жеңісі, менің ойымша, Португалия командасына жақсы мотивация болуы тиіс.

Ал түнгі 01:00-де Англия мен Хорватия ойнайды. Бірі әлем чемпионатының, ал енді бірі Еуропа чемпионатының екі дүркін финалисі. Сондықтан тартымды әрі тартысты матчқа куә боламыз деген үміт бар.

Ал таңғы 07:00-де Өзбекстан мен азулы Колумбияның ойыны өтеді. Тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатында өнер көрсететін көршілеріміз қысымға шыдай ала ма, миллиондар артқан үмітті ақтай ала ма?!

Асқар Хамиден, спорт журналисі:

Алғаш рет Орта Азия елдерінің ішінен әлем чемпионатына жолдама алған біздің өзбек бауырларымызға бірінші кезекте сәттілік тілейміз. Бірақ, алғашқы әлем чемпионаты болғаннан кейін, тәжірибе өте маңызды. Сондықтан, Өзбекстанға әлем чемпионатында өте қиын болады. Себебі, бейімделу деңгейі бар, басқа континентте ойнап жатыр. Ал Колумбияға болса, әрине, осы тұрғыдан алған кезде жеңілірек болатыны сөзсіз.

Сонымен қатар Гана мен Панама, Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы футболшылары кездеседі. Гранит Джака бастаған Швейцария мен қайсар мінезді Босния және Герцеговина құрамалары да мықтыны анықтайды.

Бөлісу