Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Кипр экономикалық жол картасын әзірлейді

Қазақстан мен Кипр экономикалық жол картасын әзірлейді

Қазақстан мен Кипр экономикалық ынтымақтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлемек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерді. Астанада Мемлекет басшысы Кипр Президенті Никос Христодулидиспен келіссөз өткізді. Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика және қаржы салаларындағы әріптестікті талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік кеңес құруды ұсынып, сауда делегацияларымен тұрақты алмасудың маңызын атап өтті. Кипр биыл Еуропа кеңесіне төрағалық етеді. Мемлекет басшысы Қазақстанның аралдық елмен сан қырлы серіктестікті дамытуға мүдделі екенін айтты. Сонымен қатар ресми делегациямен бірге бизнес өкілдері келгеніне тоқталды. Бұл кипрлік компаниялардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Осы орайда цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге баса мән беру қажет екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады. Бұдан бөлек парламентаралық байланыстар елдеріміздің ынтымақтастығына орнықты саяси-құқықтық негіз қалайды.
Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті:
Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа.  Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Бұл орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар.


Бөлісу