Энергетикалық нысандарды жөндеуге 627 млрд теңге бөлінді
Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толықтай орындалуы тиіс. Осылай деген Премьер-министр алдағы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастап күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге тозығы жеткен жылу және электр желілерін жаңғыртуға баса назар аудару керегін айтты. Үкімет отырысында айтылған осы және басқа да мәселелерді Асылбек Данияр тарқатып айтады.
Өткен жылу беру кезеңі тұрақты әрі қауіпсіз өтті. Электр станцияларының істен шығу дерегі де сиреген. Премьер-министр келесі маусымды бұдан да сапалы, мінсіз өткізу керегін қадап айтты. Осы мақсатта қазынадан биыл 627 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ақша жылу мен электр желілерін жаңғыртуға жұмсалмақ.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Ағымдағы жылы 130 км жылу желісін және 10 км-дан астам электр желісін жаңғырту көзделген. 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 трубинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Негізгі міндет - желілердегі шығындар мен тозуды азайту, сондай-ақ ең маңызды міндет - отандық тауар өндірушілерді қолдау.
«Қызыл» аймақта 5 ЖЭО тұр
Министрліктің мәліметінше, елдегі электр желілері 67, жылу желілері 50, жылу электр орталықтары 59 пайызға тозған. Жыл аяқталғанша бұл көрсеткішті төмендету міндеті тұр.
Үкімет басшысы бірқатар жылу электр станциясындағы жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілмегенін сынға алды. Салдарынан 5 станция «қызыл аймақта» тұр. Энергетика вице-министрі олқылық жыл соңына дейін түзетіледі, деді. Бұдан бөлек, Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысына Екібастұздағы екі ГРЭС-тегі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді жүктеді. Келесі тапсырма: Алматыдағы үшінші жылу электр орталығына қатысты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Алматыдағы үшінші ТЭЦ бойынша маған түскен ақпаратқа сәйкес, мерзімдерді бұзу фактілері бар. Есіңізде ғой, бәрін уақтылы аяқтауымыз қажет. Ол сіздің жеке жауапкершілігіңіз.
Үкімет басшысы жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды
Үкімет басшысы жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды. Энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстарын жоспар бойынша жалғастыру қажет, деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуы тиіс. Жаз бойы жұмысты күшейтіңіздер. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Бүгінде Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды. Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды.
Сондай-ақ Олжас Бектенов жылумен қамтамасыз ету нысандарындағы жұмысты тамыздың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Егер бірінші қыркүйекке дейін өңірлерде энергия нысандары дайындық паспорттарын алмаса, сол өңірдің әкімі жауап беретінін еске салды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы