Басты Жаңалықтар Елдің көші-қон саясаты өзгереді

Елдің көші-қон саясаты өзгереді

Қазақстанның көші-қон саясаты трансформациядан өтеді. Премьер-Министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Жарлығына сәйкес көші-қон саясатын жаңғырту шараларын түсіндірді. Мақсат – ел экономикасына қажетті мамандар үшін қолайлы көші-қон жүйесін қалыптастыру.

Көші-қон саясатына енгізіліп жатқан жаңашылдық білікті кадрларды тартуды көздейді. Өзгеріс ашық әрі икемді модельге көшіруге бағытталған. Тағы бір айта кететін жайт, инвесторлар үшін «алтын виза» тетігі енгізілмек. Бұл тәжірибе Біріккен Араб Әмірліктерінде кеңінен қолданылады.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
Бұл құрал инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін тұрақты әрі болжамды жағдай қалыптастыруға бағытталған. Мысалы, өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жоба жүзеге асыратын инвесторлар үшін елде ұзақ мерзімді тұрақты қызмет ету мүмкіндігі беріледі. Сол сияқты инженерия, IT немесе медицина саласындағы сұранысқа ие мамандар үшін еңбек нарығына шығу жеңілдетіледі.

Қазір көші-қон жүйесі күрделі: көп құжат жинау керек, әртүрлі мекемеге жүгінуге тура келеді, уақыт та көп кетеді. Ал жаңа өзгерістерден кейін бұл процестер жеңілдейді. Барлық қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Яғни құжат рәсімдеу бірыңғай платформа арқылы жүргізіледі. Бұл уақытты және ресурсты үнемдеп, артық жүктемеден арылтады.

Жандарбек Ақылбекұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

Мемлекеттік қызметтерге жүгіну барысында қайда, қалай бару мәселесі көп сұрақтар туындататын. Мәселен, шетелдік бір маман келді, ол қайда жүгінерін білмейді. Бүкіл жұмысқа тұру өтінішінен бастап, елден шығып кеткенге дейінгі үрдістер осы бір портал, бір терезе негізінде іске асырылады.

Мамандардың айтуынша, енді көші-қон саясаты тек бақылау құралы емес, экономиканы дамытуға бағытталады. Бұл арқылы елге инвестиция тарту, жаңа технология енгізу және білікті мамандар санын арттыру көзделіп отыр. Нәтижесінде Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігі күшейіп, адами капитал сапасы арта түседі. Айта кету керек, бүгінде елімізде жоғары білікті 7 мыңға жуық шетелдік маман еңбек етеді.

Бөлісу