Қазақстан мен Чехия нақты жобалар тізімін әзірлейді
Біздің азаматар үшін Шенген визасын алу жеңілдеуі мүмкін. Чехия үкіметі бұл істе Қазақстанға қолғабыс етпек. Бүгін ақорда сарайында Мемлекет басшысы чех елінің премьер-министрімен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Андрей Бабиш мұнай мен уран сатып алу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттарға мүдделі екенін айтты. Ресми Астана мен Прага қандай келісімдерге келді? Тілші материалында.
Андрей Бабиш Чехия Премьер-министрі лауазымына былтыр желтоқсанда келген. Бұл оның екінші мерзімі. Мансабын химия саласында бастаған ол жас кезінде Қазақстанға келуді армандаған екен. Анығын айтқанда біздің елдегі фосфор өндірсін өз көзімен көруді мақсат еткен. Бабиштің арманы 71 жасқа келгенде орындалып, қазақ жеріне алғаш табаны тиіп отыр.
Андрей Бабиш, Чехия Премьер-министрі:
Қазақстанға келу көптен бергі арманым еді. Өйткені мен университетті аяқтағаннан кейін, яғни, 1978 жылы Шымкент және Жамбыл қалаларымен өзара байланыс орнатқан департаментте жұмыс істедім. Қазақстан – энергетика саласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Сол себепті осы салада келісімге келгенімізге қуаныштымын.Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орайлы сәтті пайдалана отырып, Өзіңізбен бірге чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Кеше Астанада бизнес-форум өтті. Оның нәтижесі елдерімізге пайдалы болады деп ойлаймын. Өз тарапымнан сан қырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға бар күшімді саламын.Иә чех кәсіпкерлерінің Қазақстанға қызығушылығы жоғары. Соңғы 20 жылда елімізге 431 млн доллар инвестиция құйылды. Былтыр алыс-беріс 13 пайызға өсіп, 700 млн доллардан асты. Қазіргі таңда Қазақстанда 190-нан астам чехиялық компания жұмыс істейді. Ең ірісі әлемге танымал «Skoda» зауыты. Кәсіпорын былтыр Қазақстанда 3 мыңға жуық көлік құрастырды. Енді тараптар авиация саласында әріптестік орнатуды көздеп отыр.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Чехия тарапымен авиация саласындағы әріптестікті талқыладық. Атап айтқанда, L-410 ұшақтарын сатып алу мәселесі сөз болды. Қазіргі таңда бұл техниканы Қазақстанның төтенше жағдай қызметкерлері қолданып жүр. Біз Чехия тарапына әуе кемелері мен жабдықтарды жеткізіп қана қоймай, елімізде сервистік орталықтар ашуды ұсындық. Яғни, бұл ұшақтарға қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын өз елімізде ұйымдастыру қажеттігін айттық.Ал Чехия тарапы Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктеріне қызығушылық білдірген.
Қайрат Әбдірахманов, Қазақстанның Чех Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:
Кеше ғана премьер-министр Бабиш alem.ai және кардиология орталығына барған кезде бейресми түрде Чехия делегациясының кейбір өкілдері айтып отыр біз елімізде орта ғасырда қалып қойған секілдіміз сіздерге қарағанда дейді. Премьер-министр өзі кейбір біздің презентацияларды телефонына суретке түсіріп алып, біздің жігіттердің контакттарын алып, өзінің қызметкерлеріне тапсырма берді.Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында серпін берер сегіз салаға екпін қойылды. Өнеркәсіп пен мұнай-газдан бастап мен ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті күшейту көзделіп отыр. Чехия тарапы энергетика саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.Андрей Бабиш елімізді Конституциялық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл оқиғаны мемлекеттілікті нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалады. Сонымен қатар, ол Қазақстан азаматтары үшін виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.
Андрей Бабиш, Чехия Премьер-министрі:
Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз.Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін нақты жобалар тізімін әзірлеуге келісті. Кездесу соңында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Андрей Бабишті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы