Қазақстан мен Чехия нақты жобалардың тізімін дайындайды
Мұнай-газ, атом энергиясы, цифрландыру. Қазақстан мен Чехия 8 бағыт бойынша әріптестікті күшейтпек. Мемлекет басшысы Ақордада Чехия Премьер-министрі Андрей Бабишпен келіссөз жүргізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және көлік-логистика салаларында әлеует мол екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды. Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас тек экономикамен шектелмей, ортақ тарих пен мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделетіні айтылды. Өз кезегінде Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты Конституциялық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл оқиғаны елдің дамуындағы маңызды қадам деп бағалады. Сонымен қатар ол Қазақстан азаматтары үшін виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар уағдаластықтарды іске асыру үшін нақты жобалар тізімін әзірлеуге келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі:
Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы