Басты Жаңалықтар ЖОО түлектерінің жұмыспен қамтылуы 41%-ға төмендеген

ЖОО түлектерінің жұмыспен қамтылуы 41%-ға төмендеген

Білім саласына бөлінген қаржы екі есе өскенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Әсіресе, жоғары білім жүйесінде мәселе көп. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата өкілі мәлімдеді. Тексеріс барысында, түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 75-тен 41%-ға дейін төмендегені анықталған. 2022 жылы 9 мыңнан астам грант игерілмеген. 2022–24 жылдары 24 мыңдай студент оқудан шығарылған, олардың оқуына 19 млрд 600 млн теңге жұмсалған. Соның ішінде 10 мың грант қаржаты бойынша мәлімет мүлдем жоқ. Жатақхана мәселесі де өзекті. Ресми деректерде орын тапшылығы 10 мың деп көрсетілсе, іс жүзінде 31 мыңнан асқан. Бірқатар жоғары оқу орны соның ішінде Еуразия Ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық университеті студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жоспарын орындамаған. Жоғары аудиторлық палата «Болашақ» бағдарламасына қатысты бірқатар заңбұзушылықты да анықтады.
Тілеген Каскин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:

Министрліктің шешімі бойынша 340 үміткерге 7,7 млрд теңгеге жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда стипендия жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар, 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген. Ерекше назарға ілінгені — жасанды интеллект бағыты бойынша жағдай: жоспарланған 54 стипендияның тек 5-і ғана іс жүзінде тағайындалған, ал қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.

Бөлісу