Көкшетау қаласында домбыра ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау қаласында домбыра ескерткіші ашылды

09.07.2019

Көкшетауда домбыраға арналған 11 метрлік монумент бой көтерді. Бұл - еліміздегі домбыраға қойылған ескерткіштің ең үлкені. Композицияның авторы - көкшетаулық белгілі мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Автор  ескерткішті Көкшетау қаласының 195 жылдығына тарту еткен.

 

Ескерткіштің қаңқасы металдан жасалып, бетонмен қапталған.  Ерекше сәулет туындысы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жанынан орын тепті. «Көкшенің көгін ән мен күйге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды дарабоздар туған өлкеде қазақтың қара домбырасына арнап ескерткіш орнату - ұлағатты іс»,- дейді көпшілік.

 

Манарбек Бұрмағанов, мүсінші:

 

Домбыраның мағынасы батыр жігіт домбыра тартып, күй тартып, облысымыздың атақты ақындарының, солардың ән-күйлерін бүкіл елге танытып, ойнап жатқан сәтінде. Ол жігіт - үлкен домбыраның шегі. Үлкен домбыра батыр жігіттің әлемі, аспаны, нұрлы деп айтуға болады. Үстінде күні, бүркіті бар, Тәуелсіз Қазақстанның символы.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

 

 

Хабарламаларға жазылу