Басты Жаңалықтар ЖОО түлектерін жұмыспен қамту 41%-ға төмендеген

ЖОО түлектерін жұмыспен қамту 41%-ға төмендеген

Білім саласына бөлінген қаржы екі есе өскенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Әсіресе, мәселе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде ушығып тұр. Бұл туралы Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата өкілі мәлімдеді. Олар бірқатар кемшілік анықтаған. Мәселен, түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 75-тен 41%-ға дейін төмендеген. 2022 жылы басым бағыттар бойынша бөлінген 9 мыңнан астам грант игерілмеген. Жыл сайын жоғары оқу орындары шамамен 20 мың IT-маман даярласа, оның тек 30%-ы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Тексеру барысында бұрын оқудан шығарылған студенттердің гранттарды қайта тағайындаудың 33 дерегі анықталған.  2022–24 жылдары 24 мыңдай студент оқудан шығарылған, олардың оқуына 19 млрд 600 млн теңге жұмсалған. Соның ішінде 10 мың грант қаржаты бойынша мәлімет мүлдем жоқ. Жатақхана мәселесі де өзекті. Ресми деректерде орын тапшылығы 10 мың деп көрсетілсе, іс жүзінде 31 мыңнан асқан. Бірқатар жоғары оқу орны соның ішінде Еуразия Ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық университеті студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жоспарын орындамаған. Десе де, әкімшілік қажеттілік үшін 133 миллион теңгеге автокөлік сатып алған. Жоғары аудиторлық палата «Болашақ» бағдарламасына қатысты бірқатар заңбұзушылық анықтады.

Тілеген Каскин, Жоғары аудиторлық палата мүшесі:

Министрліктің шешімі бойынша 340 үміткерге 7,7 млрд теңгеге жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда стипендия жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар, 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген. Ерекше назарға ілінгені – жасанды интеллект бағыты бойынша жағдай: жоспарланған 54 стипендияның тек 5-і ғана іс жүзінде тағайындалған, ал қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.


Бөлісу