Басты Жаңалықтар Alem.ai алаңындағы ауқымды технологиялық реформалар

Alem.ai алаңындағы ауқымды технологиялық реформалар

Биыл елімізде жасанды интеллект университеті есігін айқара ашады. Өңірлерде кез-келген азаматқа цифрлық технологияларды тегін үйрететін арнайы мектептер құрылды. Мемлекет басшысы бүгін елімізде ғана емес тұтас аймақтағы бірегей саналатын Alem.ai халықаралық орталығына барды. Президент жахандық көштен қалыс қалмау үшін жасанды интеллект саласында білікті маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ал таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын стратегия бекітілмек. Оның аясында қандай жұмыстар атқарылады? Қазақстан цифрлық державаға айналу үшін тағы қандай жобалар іске қосылды? Шерхан Жамбылұлы тақырыпты толықтырады.
Қазір адамзат жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологиялардың қарқынды дамуы, миллиардтаған адамның күнделікті өміріне тікелей ықпал етіп отыр. Осы үдерістің алдыңғы шебінде тұрған бастамалардың бірі – Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы. Бұл алаң инновациялар мен тың идеялардың тоғысқан ордасы.
Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект алаңында білім мен бизнес бір ортада тоғысқан. Экспо ғимараты толықтай жөнделіп, инновациялық хаб игілігіне берілді.Енді еліміздің сандық әлемдегі серпінді дамуына екпін берілмек. Мұнда әлемдік алпауыттар apple, google, telegram секілді компаниялардың зертханалары орналасқан. Жоғары технологияларға арналған бірегей экожүйе қалыптасып отыр.
Жаслан Мәдиев,  ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

Жасанды интеллект жағынан жаңа шешімдер пайда болады. Бүкіл экономика салаларда. Өйткені жаңа стартаптар ашылады және қалыптастырады. Акселерациялық жобалардан өтеді. Осындай жасанды интеллектке арналған орталықтар басқа да өңірлерде ашылуы керек.
Ақылды басқарудың үлгісі Astana Smart City жобасы. Енді бас қаладағы басқан қадамыңыз 60 мың ақылды камерамен қадағаланады. Демек қауіпсіздік күшейеді. Қылмыс саны 30 пайызға азаяды деген болжам бар. Көшедегі кептелістер де жасанды интеллект көмегімен реттеліп отырады.
Томас Прамотедхам, Presight.AI компаниясының басқарма төрағасы:
Біз Astana Smart City жобасына төтенше жағдай қызметтеріне арналған алгоритмді енгіздік. Яғни олардың жұмысы біріктіріліп, оқыс оқиға болған жағдайда жедел әрекет ету жылдамдығын арттырады. Жол қауіпсіздігі күшейтіліп, Smart City бағдарламасы жол ережелерін бұзудың бұрынғы 4 түрінен 15 түріне дейін кеңейтілген алгоритмдерді қамтиды.
Орталықта оқушылар мен ересектерді цифрлық технологияларға үйрететін оқу орындары ашылды. Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған. Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылмақ. Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан азаматтар тегін білім алады.
Данияр Шадыханов, Tomorrow School студенті:
Ал 12 мен 18 жас аралығындағы оқушылар үшін TUMO Astana креативті технологиялар орталығы бар. Мұнда жасөспірімдер 11 бағыт бойынша білім алады.
Рамазан Ертаев, TUMO Astana креативті технологиялар орталығының мұғалімі:
Game development workshop lider практикасында балаларды ойын жасау, 3Д модельдермен жұмыс істеу, ойынның логикасын, жалпы ойынның сценарийін құру бойынша бәрін үйретеміз. Және де әртүрлі тіл бағдарламалары бойынша код жазуды үйретеміз, сонымен қатар ойынның барлық сессиясын, құрылымын айтып береміз.
Ал күзде Alem.ai базасында алғашқы жасанды интеллект университеті ашылмақ. Президентке оның тұжырымдамасы таныстырылды. Студенттер ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және Astana Hub ресурсын пайдалана алады. Сонымен қатар Мемлекет басшысына отандық CryptoPay жүйесін пайдалану арқылы Қазақстандағы алғашқы криптовалютамен төлеу үрдісі көрсетілді.
Ұлан Хаким,  банктің басқарушы директоры:
Бүгін еліміздегі финтех саласындағы үлкен серпіліс болды деп санаймыз. Қазақстанда алғаш рет криптовалютамен төлем жасалды. Басты ерекшелік сатып алушы төлемді криптамен жасаса, сатушың кассасына төлем теңге арқылы жүзеге асады.
Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосты. Бұл дода Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді. Дәстүрлі ережелер мен киберспортты ұштастыратын жарысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады.
Мемлекет басшысы озық ойлы жастар елімізді биік белестерге бастап, ұлтымыздың мерейін өсіретініне сенім білдірді. Президент елімізде қоғамның барлық саласын қамтыған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды және тарихи қадам болды. Азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз мұны жақсы түсінеді. Олар республикалық референдумға белсене қатысып, Ата заңды қолдап, дауыс берді. Жұртымыз бір қоғам болып жауапкершілік пен отаншылдық рухының озық үлгісін көрсетті. Тұғырына қонған жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақсаттары көрініс тапты.
Президент ендігі меже мен жоспарға да тоқталды. Елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру қажет. Ол жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Ал күзде елімізде Astana AI Film Festival атты халықаралық байқау өтеді. Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көрсететін жаһандық деңгейдегі алғашқы іс-шара болмақ. Президент білікті мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек. Биыл елімізде жаңа үлгідегі технологиялық білім ордасы – Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ. Енді алдымызда тұрған өзекті міндет: біз осы салада білікті маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуіміз керек.
Президент іс-шара барысында инновациялық байқауда жеңіске жеткен жас дарындарды марапаттады.
Жиын барысында Президент келешегі зор технологиялық жобалар мен компанияларға қолдау көрсету айрықша маңызды екенін атап өтті. Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Сондықтан жұмыс көп. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек деді Президент.










Бөлісу