Басты Жаңалықтар Президент Alem.AI халықаралық ЖИ орталығына барды

Президент Alem.AI халықаралық ЖИ орталығына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Экспо ғимаратында орналасқан нысанда ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалған. Мұндағы жобалар жасанды интеллект технологиясын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді. Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған. Инновациялық кешен жыл сайын 10 мың адамды оқытуға және 100-ге дейін стартап жобаны іске қосуға әлеуеті бар. Президент Орталықты аралау барысында Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды. Бұл – интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама.

Томас Прамотедхам, Predight.AI компаниясының басқарма төрағасы:
Біз Astana Smart City жобасына төтенше жағдай қызметтеріне арналған алгоритмді енгіздік. Яғни олардың жұмысы біріктіріліп, оқыс оқиға болған жағдайда жедел әрекет ету жылдамдығын арттырады. Сонымен қатар, қар тазалау мен қоқыс шығару қызметтері жүйеге біріктіріліп, олардың жұмысын нақты бақылап отыруға болады.  Яғни көшелер қаншалықты дұрыс және жылдам тазартылып жатыр, тұрғындарға қандай пайда әкеліп жатқанын бағалауға болады. Жол қауіпсіздігі де күшейтіліп, Smart City бағдарламасы жол ережелерін бұзудың бұрынғы 4 түрінен 15 түріне дейін кеңейтілген алгоритмдерді қамтиды.


Бөлісу