Басты Жаңалықтар «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл екінші рет өткен сайысқа 32 баспадан 155 өтінім түскен. Қатысушылар соңғы екі жылда жарық көрген авторлардың шығармаларын ұсынды. Үздіктер тоғыз номинация бойынша іріктелді. Атап айтқанда, «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап» секілді бірнеше аталым бар. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған шара отандық авторларды қолдауға, баспа ісін дамытуға бағытталған. Салтанатты жиынға Мемлекет басшысының көмекшісі Арман Қырықбаев қатысып, Президенттің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ алдағы екі апта ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын айтты.

Арман Қырықбаев, ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі:

Мемлекет басшысы қоғамда оқу мәдениетінің насихатталуына үнемі назарда ұстап отыр. 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Кітап оқитын ұлт» бастамасын көтерді. Былтырдан бері 23 сәуірде, яғни бүгінгі күнді Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Бүгінде әлеуметтік желіде барша қазақстандықты, жалпы кітапсүйер қауымды осы мерекемен арнайы құттықтады. Жаппай цифрландыру кезеңінде оқу мәдениеті халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруі тиіс деп атап көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге министрлік тарапынан қаржылай сыйақы табысталды. Еңбегі еленгендердің қатарында «Мазмұндама» баспасы да бар. Баспа байқауға биыл бірінші рет қатысса да, бірнеше номинация бойынша үздік атанды.
Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» баспасының басшысы:
Баспа – бизнес емес, бұл көңілдің ісі. «Мазмұндама» баспасы қазір төрт номинация бойынша орын алды. Бұл біздің шығармашылық топты жігерлендіреді. Осындай іс-шаралар, Ұлттық кітап күні сияқты атаулы күндер осы баспа саласының, жалпы кітап оқу мәдениетінің қалыптасуына үлкен әсер ететініне сенімім мол.


Бөлісу