Қарағандылық өнерпаздар халықаралық байқаудан жүлдемен оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық өнерпаздар халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

06.06.2019

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы өнер мектебінің шәкірттері Түркия елінде өткен халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралды. Бұл - жас өрендердің әлемдік деңгейдегі алғашқы жеңісі. Кешегі Манарбек, Күләш, Әсетті туған қасиетті топырақ таланттардан кенде емес.

Ақтоғайдағы дарынды балалардың басын біріктірген өнер мектебіндегі «Әуен» ансамблінің құрылғанына небәрі 6 жыл ғана болған. Соған қарамастан жас өрендер 21 мемлекеттің өнерпаздары бақ сынаған халықаралық байқауда топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Ән додасына тек балалар ғана емес, ересектер де қатысқан.

Саламат Мүбәрәк, «Әуен» ансамблінің жетекшісі:

- Алғашында қобалжу болды. Біз енді елдің, жердің атынан барып отырған соң, қазақтың өнерін, қазақтың әнін, қазақтың киімін, дәстүрін насихаттау ретінде қатысқан болатынбыз. Аллаға шүкір, гран-при алдық.

Жас өнерпаздар әлем сахнасында қазақтың халық әндерінен попурри орындап, қонақтарға таңдай қақтырған. Қазылар алқасының тәнті болғаны соншалық - күзде Италияда өтетін тағы бір байқауға жолдама берген.

Аружан Боранқұл, «Әуен» ансамблінің әншісі:

- Болгариядан келген бір жүргізуші «сендердің тілдеріңді түсінбесем де, әндерің жүрегіме жетті» деген сөз айтты бізге. Бұл сөз біз үшін үлкен қуаныш болды, әрине. Осы кісілердің жүректеріне әнімізді жеткізіп, керемет марапат алғанымыз - біз үшін үлкен мәртебе.

Дәстүрлі ән, вокал, қобыз, домбыра сыныптарында қазір 340 бала тәлім алуда. Енді күзде тағы үлкен сын тұр. Алайда Италияға бару үшін бірталай қаржы керек. Оған барлық ата-ананың мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан дарынды балалар демеушілердің табылатынынан үмітті.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу