Түркістан жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

03.06.2019

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың туғанына биыл - 125 жыл. Осыған орай тұлғаның туған жері Созақтағы Ақсүмбе ауылында, сондай-ақ облыс орталығы - Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті.

Қаратаудың қиыр түбіндегі ат төбеліндей ауылдың екі үлкен мақтанышы бар. Бірі - 9 ғасыр бойы тау төбесінде қасқайып тұрған Ақбикеш мұнарасы. Екіншісі - осы түкпірден шығып, тұтас елге тұтқа болған Сұлтанбек Қожанов.

Мейрам Әбсеметов, С.Қожанов атындағы мектеп директоры:

- Ақсүмбе дейтін аядай ғана ауылдан шығып, Қазақстынның екінші секратарлығына дейін көтерілген үлкен тұлға. 10-12 жасында Түркістанға аттанып, осы жерде оқып, білім алады.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

- Сонау XIX ғасырдан қалған бұл ғимарат патшалық Ресей тұсында орыс-түзем мектебі болған. 1910-13 жылдары Сұлтанбек Қожанов дәл осы жерде оқыған. «Ескі ғимараттың қабырғасына жазылған мына жазуды, бала Сұлтанбек өз қолымен ойып жазған», - дейді ғалымдар.

Бұл ғимарат - бүгінде Саттар Ерубаев атындағы музей. Ішінде Қожановтың өмір жолынан мағлұмат беретін экспозиция бар. Сұлтанбек ұлт-азаттық қозғалыстардың белсендісі болған. Патша үкіметі құлаған тұста, Ташкент мұғалімдер семинариясында оқып жүрген ол Мұстафа Шоқай, Сералы Лапин, Мұхамеджан Тынышбаев, Қоңырқожа Қожықовтармен бірге Түркістан мұқтариаты деген мемлекеттік құрылым құрған. Алайда оның ғұмыры ұзақ болмайды.

Ниязәлі Дүйсенбеков, Созақ ауданындағы С.Қожанов музейінің директоры:

- С.Қожановтың осыдан бір ғасыр бұрын армандаған арманы орындалды. Түркістан қаласы қазір облыс орталығы болды. Түркі әлемінің орталығына айналды.

Иіріміне үйірмей қоймайтын сол ала құйын заманда Сұлтанбек Кеңестік жоғары билік сапында жүрсе де, ұлттық ұстанымынан танбайды. Орынбордан ығысқан Алаш зиялыларын өз қамқорына алады. Қазақстанда шетқақпай көрген Мағжанның өлеңдерін кітап қып басып, алғысөзін жазып береді. Міржақып Дулатовты өзі ұйымдастырған «Ақ жол» газетіне қызметке алады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Орынборда өтпей қалған елу жылдығын Ташкентте тойлатып, әліппесін жарыққа шығартты. Ал «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанған ұлттық территориялық межелеу науқаны кезінде тайсалмай тартысқа түседі.

Хазіретәлі Тұрсын, қожановтанушы:

- Ұлтын шексіз сүйетін, бір қарыс жер үшін аянбай күресе алатын қайраткерлерді жинады. Соның нәтижесінде қазіргі Қазақстан территориясы сақталып қалды.

Қазақтың шекарасын белгілеген, «Қазақтың астанасы киіз үйде болса да, қазақтың қалың ортасында болсын» деп Ақмешітті астана еткен, қазақты қырғыз деп келген тарихи қателікті түзеткен, қазақ даласында ұлттық баспасөзін ұйымдастырған, Орталық Азияда жоғары білім беру ісінің, мақта шаруашылығын жолға қойған ұлы саясаткер 38-ші жылы ату жазасына кесіледі. Сүйегі өртеліп, күлі Мәскеудегі Коммунарка қорымына көмілген. Сондықтан түркістандықтар ұлы жерлесінің рухына тағзым ету үшін ескерткіші алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу