Бүгін 74 жыл бұрын ел басына күн туғанда майданға аттанып, жеңіспен оралған алматылық ардагерлерге құрмет көрсетілді. Қалада қазір 268 соғыс ардагері бар. Солардың барлығы бүгін «28 Панфиловшылар» паркінде бас қосты.
Аманкелді Сейітхан, тілші:
Жеңістің 74 жылдығына арналған Алматыдағы мерекелік шаралар әлі де жалғасып жатыр. Сонау қиын-қыстау кезеңде, ел шетіне жау келгенде қолына қару алып майданға аттанған қарт жауынгерлер, ардагерлеріміз алдымен «28 Панфиловшылар» паркінде соғыста қаза тапқан қаруластарының рухына тағзым етті. Ал, Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жас сарбаздары ардагерлердің құрметіне сап түзеп, салтанатты шеру жасады. Жеңістің мерекесін тойлауға ардагерлер келіп отыр. Солардың арасында 93 жастағы қария, 30 жыл шекарада қызмет еткен Байтұрсын Шымбатаев атамыз тұр.
Байтұрсын Шымбатаев, соғыс ардагері:
Мереке жақсы өтсін. Ел тыныш болсын. Барлықтарыңа тілейтінім сол, тек қана амандық болсын. Жастар арманына жетсін. Осылай халық қашанда ауызбірлікте болсын.
Аманкелді Сейітхан, тілші:
Ардагерлерімізді құрметтеуді ешқашан естен шығармайық. Бейбітшілікті биікке қоятын мамыражай еліміздің аспанына ешқашан бұлт төнбесін. Ал, Алматыда мерекелік шаралар қас қарайғанша жалғасады.
Аманкелді СЕЙІТХАН