Маңғыстау облысының Таушық ауылында 99 жастағы соғыс ардагері тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының Таушық ауылында 99 жастағы соғыс ардагері тұрады

05.05.2014
Маңғыстау облысының Таушық ауылында   99 жастағы соғыс ардагері тұрады
Маңғыстау облысының Таушық ауылында  жасы 99-ға толған ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері тұрады. Сейілхан Әбілханұлы жаяу әскер қатарында соғысып, Берлинге дейін табан тіреген. 
 
Қарт жауынгердің бүгінде бар тілегі -  елінің амандығы. Сейілхан ақсақалдың ғасырға жуық ғұмырында жастар тәлім алар өнеге көп. Қылшылдаған жігіт шағында майданға аттанды.
 
Әлі есінде, 1942 жылдың ақпанында бұларды Таушықтан Баутино порты арқылы кемемен Ашхабадқа алып барды. Әскери дайындықтан өткен соң бұларды пойызбен қалмақ даласына апарып, бірден соғысқа кірісіп кетеді.
 
Жаяу әскер қатарында болған жауынгер оқ пен оттың арасынан талай аман қалды. 15 шақырым жердегі ұрыс алаңына жаяу жететін күндер әлі есінде.
 
Сейілхан атаның бөлімшесі Мәскеу түбіне дейін жетіп, елді жаудан азат етуге ерен еңбегі сіңді. Жеңіс күнін қарсы алған соң, ауылына аман жетті. 99 жастағы қария халықтың тыныштығын тынбай тілеп отырады екен.
 
Сейілхан Әбілханұлы, соғыс ардагері:
Халық аман болсын, жақсылық, бейбітшілік, тыныштық болсын.
 
Майдангер елге оралған соң мал шаруашылығымен айналысты. Ойсылқара тұқымын өсіріп, қой бақты. Осылайша, 7 перзентін жетілдіріп, ұлын ұяға, қызы қияға қондырды.
 
 Немере көріп, шөберенің қолынан су ішті. 21 жылдан бері оны кенже келіні балаша баптап, бар жағдайын жасап отыр.
 
Зоя Ниязбаева, келіні:
Қарты бар үйдің қазынасы бар дейді. Осы кісінің айтқан өсиет сөздерімен балаларымызды тәрбиелеп отырмыз. Қонағымыз көп. Үлкен шаңырақ болғаннан кейін бала-шағасы, құдалары осы кісіні сыйлап келіп тұрады.
 
Ардагерге жергілікті билік тарапынан да қолдау көрсетіліп отырылады. Өзі қалаған аумақтан жер телімі берілді. Енді демеушілер құрылыс материалдарымен көмектесуді жоспарлап отыр. Көптеген кездесулер мен мерекелік шаралар да қарт майдангердің қатысуынсыз өтпейді.
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу