Павлодарлық майдангер Ханафия Асқаров туралы кітап жарық көрді
Майдангер үш бірдей соғысқа куә болған. Нақтырақ айтқанда, 1939 жылғы Фин соғысы, ІІ Дүниежүзілік соғысты және жапондармен болған қырғынды бастан кешті.
«Әкем туралы ой-толғау» жинағының авторы - Гүлжиян Ханафияқызы. Ол бұл туындыда көзі тірісінде Қазақстанға Еңбегі сіңген мұғалім, жазушы, өлкетанушы, шежіреші деген атақтарға ие болған қазыналы қария туралы тың деректерді ұсынған.
Қарт майдангер былтыр 101 жасында қайтыс болды. Өмірінің соңына дейін көзі қарақты жан ұлттық телеарнаны қарап, қазақ тіліндегі басылымдарды қалт жібермеді. Ұлт мүддесі үшін қызмет еткен жан 41 жыл ұстаздық етті. Шежіре жинақтады. Ұлттық мәдениет, өлкетану, тарих жайлы шығармалар жазды. Арнайы курс ашып, елге араб тілін тегін оқытты.
Социал Әйтенов, ардагер журналист, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
- Тіл жөнінде үлкен айтыс-тартыс болғанда соның басы-қасында біздің Қанағаң жүрген. Ең алғашқы сапында жүрген.
Ханафия Асқаров сарбаз шинелін 1939 жылы Фин соғысында киген. Ал, фашистермен болған майданда Румыния, Венгрия, Польша, Чехославакия елдерін азат етуге қатысты. Жеңісті Дрезденде қарсы алып, кейін жапон соғысына аттанды. Елге 50-ші жылдары бір-ақ оралады.
Ханафия Асқаров елдегі оқиғалардың айы мен күнін, жылын жатқа айтатын. Ол тек қана Кереку өңірі емес, Ресейдің Омбы, Алтай өлкесі қазақтары жайлы, олардың соғыстағы ерліктері туралы тың деректер қалдырды. Олардың бірқатары Гүлжиян Ханафияқызы жария етікен кітапта жарық көрді.
Болат АМАНБАЕВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы