Президент ҚазҰУ ғылыми әлеуетімен танысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты. Оқу ордасындағы инновациялық өнімдер орталығы мен Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобаларын көрді. Хаб экономиканың нақты секторына инновациялық әзірлемелер енгізуді көздейтін заманауи платформа ретінде құрылған. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды. Орталықта ірі технологиялық корпорациялардың және шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңге болатын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысына университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. Кластер күрделі есептеулерді орындау мерзімін айтарлықтай қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырады. Сондай-ақ ІТ және жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға кеңінен жол ашады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы