Танымал тұлғалар дауыс беріп жатыр
Елордадағы есімі көпке танымал тұлғалар да саяси науқаннан тыс қалмай өз таңдауын жасап жатыр. Астанадағы №289 референдум учаскесіне Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова дауыс берді. Ал жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова №305 учаскеде таңдау жасады.
Талайды даусыменен тамсандырған «Қазақтың Майрасы» атанған Майра Ілиясова бүгін Астанадағы №289 референдум учаскесінен табылды. Бұл жолы ән салып емес, өз таңдауын жасау үшін келген. Қазақстанның халық әртісі «Бұл мен үшін ерекше есте қалатын күн» дейді.
Майра Ілиясова, Қазақстанның Халық әртісі:
Қазағын жақсы көретін, қазақ ұлтын жақсы көретін, біздің көпұлтты мемлекетті жақсы көретін қазақстандықтар мен ойлаймын бүгін келіп өз таңдауларын айтып дауыс береді деп ойлаймын. Заң дұрыс болса ол жерде тәртіп болады, ол жерде жақсы өмір болады.
Белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова да ерте тұрып Астанадағы №305 учаскесінее келді. Референдумда таңдауын жасап, дауыс берді. «Бұл күні жауапкершілікті сезінетін әр азамат қалыс қалмауы керек» дейді қаламгер.