Басты Жаңалықтар Президент Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді

Президент Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді

Президент төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуы жөнінде жұмыс кеңесі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс атқару қажеттігін айтты. Басты міндеттің бірі - әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет. Яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруі тиіс, деді Президент. Мәселен, мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауысқан. Алайда ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмей отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді етуді тапсырды. Осы орайда Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл істі үйлестірумен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады. Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды. Қазір еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтаған. Жиында криптоиндустрияны дамыту мәселесі де көтерілді. Бұл саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер биыл мамыр айында күшіне енеді. Бұдан бөлек цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын әзірлеу қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы талаптарды толық орындамай отырған бірқатар ірі банктердің жұмысы сынға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр.


Бөлісу