Басты Жаңалықтар Алматының көлік жүйесін түбегейлі жаңғырту ұсынылды

Алматының көлік жүйесін түбегейлі жаңғырту ұсынылды

Мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсене атсалысуы керек. Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Мемлекет басшысы осылай деді. Президент бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. Жиында кешенді саяси, экономикалық реформаларды іске асырудағы, сондай-ақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі талқыланды. Форум отырысында мінберге мәслихат депутаттары да шығып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев алып шахардағы экология мәселесін көтерді. Қазір қалада атмосфералық ауаны қорғау қағидалары бекітілген. Жылу электр орталықтары жаңғыртылып жатыр. Ал басты мәселе - Алматының көлік жүйесін түбегейлі жаңғырту қажет дейді депутат. Қазір мегаполиске күн сайын сырттан жарты миллионға жуық көлік кіреді.

Мейіржан Отыншиев, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы:

Алматы агломерациясы үшін біртұтас  көлік жүйесін қалыптастыру мәселесін стратегиялық тұрғыда қарастыруды ұсынамыз. Атап айтсақ, қала мен оның маңындағы қозғалыс логистикасын өзгерту арқылы метро, БРТ, ЛРТ желілерін дамыту. Сондай-ақ баламалы жылдам қоғамдық көлікті енгізу аса маңызды.

Депутат: Жерасты суларын қорғауды күшейту керек

Ал Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты Ардақ Бораш жерасты суларының қорларын зерттеу, оларды қорғау және тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Гидрогеолог ғалымның сөзінше, бұл Қазақстан үшін стратегиялық маңызды мәселе.

Ардақ Бораш, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты:

Сондықтан бұл мәселені шешуге біз өңірлердегі мұнай-газ өндіруші мекемелердің мүмкіндіктерін пайдалануымыз қажет, оларды міндеттеуіміз керек. Бір қуантарлығы - жаңа Ата заңның отыз жетінші бабында осы жауапкершілік алғаш рет енгізіліп отыр. Енді қоршаған ортаға қауіп төндірген фактілерді жасырған лауазымды адамдар заң алдында жауап береді.
Бөлісу