Президенттің мақаласы америкалық басылымда жарияланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен және БҰҰ-ның қолдауымен құрылған Бейбітшілік кеңесін алға жасалған маңызды қадам деп бағалады. Бұл туралы Президент The National Interest басылымына жарияланған мақаласында жазды. Онда Қазақстан АҚШ-тың сенімді әрі адал серіктесі екені жазылған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша Ақ үй тың тәсіл ұсынды. Ескі саяси формулалар қайталанбайды. Негізгі қағида – тұрақты экономикалық даму арқылы бейбітшілікке қол жеткізу. Бейбітшілік ұран ретінде емес, жоба ретінде қарастырылып отыр. Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде тұрақтылық ең тапшы стратегиялық ресурсқа айналғанын айтты. Халықаралық институттар дағдарысқа ұшырап, қоғамдық сенім төмендеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше Қазақстанда Президент Трамп стратегиясына байланысты саяси ұстанымдарға оң көзқарас қалыптасқан. Оның негізгі қағидаттары – парасаттылық, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүддені сақтау және соғысты тоқтату. Президенттің сөзінше, бұл ұстанымдар қоғам сұранысына сай келеді. Сондықтан біздің ел Бейбітшілік кеңесіне қосылу және оны нақты іс-әрекеттермен қолдау шешімін қабылдаған.
Бұл Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімінің заңды жалғасы. Бұл жай ғана дипломатиялық қимыл емес. Бұл стратегиялық таңдау. Қазақстан әрқашан теңдестірілген және сындарлы көзқарасты ұстанып келеді. Біз Израильмен берік қарым-қатынастамыз, сонымен бірге Палестина халқын тұрақты түрде қолдаймыз және бейбітшіліктің жалғыз тұрақты негізі ретінде қос мемлекет принципін жақтаймыз. Біздің шешіміміз экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту және озық технологияларды беру мақсатындағы ұлттық мүддеге де негізделген. Жалпы айтқанда, бұл мұсылман және еврей әлемі арасындағы диалогты кеңейтуге үлес қосады деп үміттенеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы