Deutshe bank: Алтынның бір унциясы 6 мың долларға жетуі мүмкін
Жыл соңына дейін алтынның бір унциясы 6 мың долларға жетеді. Халықаралық банктер осындай болжам жасап отыр. Бағалы металдың қымбаттауына не себеп? Тұрғындарға алтын сатып алу тиімді ме? Жанел Нұрболатқызы сараптайды.
Инвестор Азамат Серік миллиондап табыс табады. Соны жыл бойы жинап, 30 пайызын құйма алтынға айырбастайды.
Азамат Серікұлы, кәсіпкер:
Мысалы, 20 миллион болса, оның негізгі 6 миллионына алтын алып, уақытылы өскен кезде қайтадан шығарып басқа инвестицияларға бағыттау керек. Біздің өзіміздің негізге жасайтынымыз осы. Енді бізде алтынға қарағанда долларды тиімді инвестиция деп санайды, көбісі алтыннан қашады, енді-енді үйреніп келе жатыр да халық алтынды қалай салып, алтыннан қалай шығаратынын.
Елде Азамат секілді алтынға инвестиция салатындар көбейген. Бір жылда кемі 40 мың тонна құйма сатылады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Алтын бағасы былтыр рекорд жаңартты. Бір жылдың ішінде унциясы 2400 доллардан 4600 долларға жетті. Өсім биыл да тоқтаған жоқ. Қаңтарда тағы 1000 долларға көтеріліп, 5600-ден асты. Ал ақпанда бірден 1000 долларға арзандады. Бірақ бұл алтынға сұраныс азайды деген сөз емес. Экономистер мұны консолидация кезеңі деп атайды. Яғни баға күрт өскеннен кейін әуелі сәл төмендейді. Сосын керісінше, тағы өседі. Әлемдегі ең ірі инвестициялық қаржы ұйымы Deutshe Банктің болжамынша, жыл соңына дейін алтынның бағасы 6000 долларға жуықтайды.
Ал елімізде алтынның 1 граммы шамамен 160 доллар, яғни 80 мың теңге. Металдың қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді. Негізгісі - әлемдегі саяси шиеленістер. Мемлекеттер дағдарыс кезінде қолда бар қаржысын сақтап қалу үшін біраз бөлігін алтынға салады.
Ильяс Ақылбек, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Өйткені ол қаржы құралы ретінде құнсызданбайды. Экономикасы ең дамыған деген АҚШ пен Еуропа мемлекеттеріне инфляция өз әсерін тигізіп жатыр. Себебі дүниежүзілік сауда ұйымының келісімі бар, ал бірақ мынау санкция секілді жасанды әрекеттер, шектеу - соның бәрі әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр.
Профессордың айтуынша, бағаның шарықтауына алтынның сирек металл екені де себеп. Жылына тек 3000-3500 тонна өндіріледі.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Еліміздің Ұлттық банкі де алтын резервін ұлғайтып жатыр. Былтыр 57 тонна сатып алды. Бұл жылдағыдан 21 пайыз көп. Осылайша, бағалы металл сатып алу жағынан Орталық банктердің арасында Польшадан кейін екінші орында. Сонымен, мемлекеттер өз ақшасын құймаға салып жатыр. Кей кәсіпкерлер де оны инвестиция ретінде қарастырады. Ал қарапайым тұрғындарға алтын сатып алу тиімді ме?
Экономистердің айтуынша, ай сайын кемі 2-3 миллион табыс болса ғана алтын алған тиімді. Өйткені одан жыл сайын көп дегенде 5-7 пайыз табыс түседі. Бірақ пайдаға кенелемін десеңіз, ұзақ жыл сақтауға тура келеді. Айта кетерлігі, алтын әшекейлер инвестиция ретінде саналмайды.
Шамбыл Қажыкелді, экономист:
Ол сол миллиардерлер қолында тұрған алтын құймалар. Ол үйде жатқан әшекей бұйым емес. Егер де жалпылама қолда бар әшекей бұйымдарды сіз бірден алтын нарығына сататын болсаңыз, оны қабылдамайды. Міндетті түрде алтынды қабылдайды, егер ол афинаждық процестен өтсе. Афинаж дегеніміз - оны тазарту.
Сайып келгенде құйма алтынды инвестиция ретінде емес, қаржыны инфляциядан сақтайтын құрал ретінде қарастырған дұрыс. Ал инвестор Азамат Серік алтын алмастан бұрын нарықты мұқият зерделеуге кеңес береді. «Өйткені алтынның бағасы әлі тұрақтаған жоқ. Бағамдап алмағандар қаржыдан қағылады», - дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы