Президент сапары аясында 70-тен астам құжатқа қол қойылады
Қазақстан Пәкістан арқылы Үнді мұхитына тіке бағыт ашуды көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ислам республикасына мемлекеттік сапары аясында талқыланатын негізгі тақырып логистика мәселелері болмақ. Оның бізге берер пайдасы мен мүмкіндіктері қандай? Бұл туралы әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білсек. Шерхан, қайырлы күн! Екі ел сауда-саттықты арттыру үшін қандай жобаны қолға алмақ?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қайырлы күн, Қонысбек. Пәкістан тарапы Мемлекет басшысының сапарына ерекше мән беріп отыр. Мұны кешегі әуежайдағы қарсы алу рәсімінен-ақ байқаған боларсыз. Екі ел өзара байланысты дамытуды стратегиялық маңызды бағыт санайды. Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда айналымы былтыр екі есе өсіп, 100 миллион долларға жетті. Сарапшылар алыс-беріс әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін айтады. Пәкістан бизнес өкілдерінің есебінше сауда-саттық көлемін 140 есе арттырып, 14 миллиард долларға дейін көбейтуге мүмкіндік молынан бар дейді. Бұған қазір логистикалық қиындықтар тежеу болып отыр. Президент сапарында басты назар осы көлік және транзит мәселесі аударылған. Екі ел арасында тікелей теміржол қатынасы жоқ. Енді «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» теміржолын салу жоспарланып отыр. Оның тасымал мүмкіндігі жылына 35-40 миллион тоннаға бағаланады. Бұл бағыт жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартып, жол шығынын да азайтады. Бастысы Қазақстан үшін Үнді мұхитына төте жол ашылады. Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Афирканың нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз халық 2 миллиардтан асатын нарық.
Ержан Қыстафин, Қазақстанның Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Біздің Үкімет Ауғанстан аумағындағы теміржол желісіне инвестиция салуға дайын. Оның құрылысы шамамен 5 жылға созылады. Таяу жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейде қарқын алады деп отырмыз. Пәкістан халқы өте жылдам өсіп келеді. Халық көбейген сайын сұраныс та өседі, әсіресе энергетикалық ресурстарға деген қажеттілік жоғары . Сондықтан Пәкістан мұнай, газ, көмір секілді энергия ресурстарын импорттауға мүдделі. Бұдан бөлек, олар біздің астық пен азық-түлік тауарларына үлкен қызығушылық танытып отыр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бүгін Мемлекет басшысының жұмыс кестесі өте тығыз. Пәкістан Үкіметімен кеңейтілген келіссөздермен қатар осы елдің президентімен де жеке кездесу өткізеді. Сонымен қатар екі елдің бизнес форумына да қатысады. Бұл жиынға біздің елден 150-ге жуық делегат, Пәкістаннан 180-нен аса компания қатысып жатыр. Қызығушылық өте жоғары. Президент сапары аясында 70-тен астам құжатқа қол қою көзделіп отыр. Оның ішінде 20-дан астамы коммерциялық келісім. Сонымен қатар транзиттік сауда, кедендік өзара іс-қимыл және ветеринарлық бақылау бағытында бірқатар келісімге қол қойылмақ. Бұл құжаттар сауда көлемін арттыруға негіз қалап, жол ашады. Өзге де уағдаластықтар жайлы толығырақ алдағы ақпарат шығарылымында тарқатып айтамын.
Автор
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
ШҚО-дағы Сібе көлдері туристер келетін орынға айналды
04.02.2026, 13:24
Атырау облысында жылқы қырылып қалды
04.02.2026, 13:21
Режиссер, актер Балтабай Сейітмамытұлы өмірден өтті
04.02.2026, 13:18
Конституциялық реформа барлық салада дамуды жеделдетеді
04.02.2026, 13:15
Конституцияға «Экология және адам денсаулығы» деген тармақ енгізу ұсынылды
04.02.2026, 13:12
Елімізде электромобильдер 30 есеге артқан
04.02.2026, 13:09
Қытайда көліктің тұтқасын жасыруға тыйым салды
04.02.2026, 13:06
Қазақстан мен Ресей а/ш саласында ортақ жобаларды көбейтпек
04.02.2026, 13:03