Басты Жаңалықтар Байқоңыр қаласында көпқабатты бес тұрғын үй пайдалануға берілді

Байқоңыр қаласында көпқабатты бес тұрғын үй пайдалануға берілді

Байқоңыр қаласы қайта жаңғырады. Көне шаһарда көпқабатты 5 тұрғын үй бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Ал Қазалы ауданында халық жылдар бойы күткен аспалы көпір ашылды. Өңірдегі бастамалар жайлы әріптесім  Әділбек Серікұлы тарқатады.  

Әділбек Серікұлы, тілші:

Байқоңырда 60 мыңнан аса халық тұрады. Соның 40 мыңнан астамы Қазақстан азаматтары. Ғарышкерлер шаһары Ресейге жалға берілгенімен мұндағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін ел Үкіметі өз міндетіне алып, қаланы жаңғыртудың арнайы жол картасы әзірленген.

Байқоңырлық Алмас Серіков өз ісін жіті меңгерген жас мамандардың бірі. Осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген жас отбасы жаңа жылда көптен күткен баспанасына қол жеткізді.

Алмас Серіков, қала тұрғыны:

Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Кеңес Үкіметінен кейін ескі үйлерден кейін мына жаңа үйлер өте тамаша. Керемет. Көптен күткен сәт. Бүгін осы күнге жетіп, аман-есен болғанмызға өте қуаныштымын.

Серік секілді ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған 250 отбасы үйлі болып, қоныс тойын тойлады. Жаңа тұрғынжайлар автоматты газбен жылыту орталығына қосылған. Бұл тұрғындардың тұрмысы үшін өте қолайлы. Жалпы соңғы жылдары қалада ауқымды жобалар қолға алынып, инженерлік инфрақұрылымдық жүйелер кезең-кезеңімен жөнделді. Ресей тарапы жылу желілерін жаңаласа, Қазақстан кәріз және ауыз су құбырларын ауыстыруды міндетіне алған.

Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі:

Екінші кезеңде ең үлкен ауқымды жоба бұл жерде 94 км су құбырлары ауысатын болады. Және 85 км кәріз жүйелері ауысатын болады. Бұған республикалық бюджеттен 12,6 млрд теңге бөлініп, жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарлануда.

Теміржол үстінен аспалы көпір салынды

Қазалы ауданында да жергілікті тұрғындар асыға күткен маңызды құрылыс аяқталды. Әйтеке би кентін екіге бөліп тұрған шойынжолдың үстінен жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір ашылып, көптің тілегі орындалды.

Эльмира Ақниязова, кент тұрғыны:

Жаңа көпірдің пайдалануға берілгеніне өте қуаныштымыз. Неге? Өйткені, балаларымыз үшін де, міне қауіпсіздік өте сақталған. Жарық. Жан-жағы қапталған. Балаларымыз үйірмелерге қатынайды, сабаққа қатынайтын еді.

Елді мекенде 15 мыңға жуық халық күнделікті шойынжолдан өтіп аудан орталығына қатынайды. Жаңа көпірмен қатар Қазалы станциясының теміржол вокзалы да қайта жөндеуден өтіп, 100 жылдан аса тарихы бар ғимарат заман талабына сай жаңғырды.


Бөлісу