Мәскеуде Қайдар Құмарбекұлын еске алу кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Қайдар Құмарбекұлын еске алу кеші өтті

05.03.2019

Мәскеудегі қазақ зиялылары белгілі қоғам қайраткері, Ресейдегі қазақ руханиятының көшбасшысы болған Қайдар Құмарбекұлын еске алу кешін ұйымдастырды. Ресей қазақтары бас қосқан әдеби-музыкалық кеш барысында Қайдар Құмарбекұлы жайлы естеліктер айтылып, деректі фильмнен үзінді көрсетілді.

Мәскеуде 60 жылдан астам уақыт тұрған қайраткер 2012 жылы дүниеден өткен. Қайдар Құмарбекұлы саналы ғұмырын Ресейдегі қазақтардың өзге елде ұлт ретінде сақталып, ана тілі мен салт-дәстүрін ұмытпауы жолында сарп етті. Ұлтжанды азамат 1960 жылы Мәскеудегі қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұйымын құруға қолдау көрсетсе, 80-ші жылдары «Мұрагер» мен «Қазақ тілі» деп аталатын Ресейдегі ең алғашқы қазақ ұйымдарының дүниеге келуіне тікелей атсалысты. Ақжарқын әрі іскер азамат сонысымен де көптің есінде қалды.

Серікқали Байменше, зерттеуші-ғалым, ҚР Құрметті журналисі:

- Өзі 60 жылдан астам Мәскеуде тұрған қазақтың азаматы, қазақтың тілін, дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білгендіктен, осыны кейінгі жастарға өле-өлгенше үйрете білді. Қайдар аға өмірден өтсе де, оның артына қалдырған жақсы атағы, ісі өлмейді, ол жалғасып жатыр.

Әбуислам Тұрсынбаев, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының төрағасы:

- 1-1,5 айдың көлемінде үлкен кітап дайындалып жатыр. Ол кісінің істеген жұмысы, қызметі туралы болады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу