Түркияда қазақ ақындарын еске алу кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қазақ ақындарын еске алу кеші өтті

28.05.2018

Түркиядағы Қазақстан күндері жалғасуда. Анкараның Кечиорен ауданында көрнекті ақындар Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевты еске алу шарасы өтті. Түркі әлемінің белгілі ғалымдары қазақтың дара тұлғаларының түркі дүниесінде алар орны жайында баяндама жасады.

Шара аясында Жамбыл Жабаев атындағы көшеде ақынның өмірбаяны жазылған ескерткіш тақтайша орнатылды. «Енді Анкараның әрбір тұрғыны түркі дүниесінің танымал тұлғасы туралы кеңінен біліп жүреді»,- дейді аудан әкімі. Елімізден Қазақстан күндеріне келген өнер ұжымы Кечиорен тұрғындарына концерттік бағдарламаларын ұсынды. 

Мұстафа Ак, Кечиорен ауданының әкімі:

- Осыдан тура бір жыл бұрын ауданымызда Жамбыл Жабаев атындағы көше аштық. Жанында Сүйінбай Аронұлының саябағы бар. Жамбылдың ескеркіш бюстін де орнаттық. Енді міне, ақынның өмірбаяны жазылған тақтайша қойып отырмыз. Мұның бәрі бауырлас елдер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді. Бастысы, халқымыз жақындаса түседі. Қазір біздің ауданның жас баласынан бастап, еңкейген қарияға дейін қазақтың ұлы тұлғалары жайында жақсы біледі.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу