Жаңа заң: Келесі жылы банктерге қандай талап қойылады?
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Банктерге қатысты сұрақтар көп. Сондықтан болар, Мәжілісте жаңа заң ұзақ қаралды. Біраз өзгеріс енгізілді. Енді соларды жеке–жеке талқыласақ.Жаңа заңның мақсаты көп. Біріншіден, халықты алаяқтардан қорғау, яғни банктің жауапкершілігін арттыру. Екіншіден, елдің несиесін азайту. Үшінші, ең бастысы, банктерді экономикаға жұмыс істеуге итермелеу. Өйткені әлемде банктің міндеті сол. Ал Қазақстанда оны заңмен міндеттеуден басқа жол жоқ секілді.
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Мұндай заңның пайда болғанының өзі біздің нарығымыздың белгілі бір шын мәнінде толық, еркін нарық емес екенін көрсетеді. Мемлекет оны кішкентай бала секілді былай жүр, былай жүр деп итеріп отыруға мәжбүр. Итеріп отырмайын десе, нарық тым бала секілді, өте үлкен қателіктерге бой алдыра береді. Сондықтан бір жағынан реттеуіне тура келіп тұр, екінші жағынан бұл бұрыс емес.
Сонымен Мәжіліс заңды мақұлдап, Сенатқа жіберді. «Банктер және банк қызметі туралы» деп аталған заң қабылданған күні отырысқа 89 депутат қатысқан. 87–і қолдап, 2–і қалыс қалды. Кім қалыс қалғаны белгісіз. Ал Еркін Әбіл заңды талқылау кезінде былай деген еді.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мына жаңа банктердің ашылу процесін жеңілдету, ислам банкингін енгізу – бұл бәрі де жанама шаралар. Тікелей әсер етпейді.
Жаңа банктердің ашылу процесін жеңілдету деген – 2 түрлі лицензияға қатысты. Яғни енді базалық және әмбебап деген екі лицензия болады.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Америкада бар бұл. Сингапурда, Латвияда бар. Көршілес Ресейде де бар. Базалық лицензия деген – бұл бәсекелестікті көбейтіп, жаңадан тағы да шағын банктер ашуға себеп болады. Өйткені шағын банктер өңірде ашылып, өңірдің шағын және орта бизнесін несиелендіруге қолжетімділікті ұлғайтады.
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Енді ірі банктердің монополиясы тоқтауы керек. Менің ойымша, келесі жылдан бастап біздің нарықта өте бір жақсы қозғалыстар басталады. Бәрі бір–бірімен бәсекелесіп, жаңа өнімдер, пайыздар түсуі мүмкін.
Бірақ пайыздық мөлшерлеме сонша көп түспейтінін бірден айтайық. Өйткені, біріншіден, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары. Екіншіден, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жауабы мынадай.
Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
Депозиттерге олар қанша пайыз төлейді – кемінде 15–18 пайыздан олар төлеп жатыр. Сол себепті қазіргі уақытта олар төмен пайызбен несие бере алмайды.
Осы тұста сол депозиттерді құтқару керек деп, кезінде банктерге берілген мемлекеттік көмек еске түседі. 10 жыл бұрын берілген ақшаны әлі қайтармаған 3 банк бар.
Мәселен, «Нұрбанк» – 46 млрд теңге, «Еуразиялық банк» – 150 млрд теңге қарыз. Ал «Alatau City Bank»–ке 950 млрд теңгені 2040 жылға дейін өтеу мүмкіндігі берілген.
Міне, осы ақпараттар елдің ашуына әбден тигесін бе, енді банктер қиындыққа ұшыраса, оларға мемлекеттен көмек берілмейтін болды.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сол кризистік жағдайдан құтқару үшін өзінің осы банктерден құралған қорды ашуға біз міндеттедік.
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Мемлекет пен банктер арасындағы махаббат аяқталды. Себебі біздегі ірі банк лоббиі бірінші президенттің жанында болған. Қазір ондай ірі банк лоббиі жоқ.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Мұның бәрі де айналып келгенде әлемдік статистикада бар. Сол мемлекеттерде осындай жүйемен жұмыс жасап жатқан банктер егер де келген жағдайда, біз соған бәсеке бола алатындай дәрежеге жетуіміз керек.
Бәсекелестікті арттыру бағытында енгізілген тағы бір өзгеріс – әр банкте «исламдық терезелер» ашу. Енді ислам банкингі шарттарымен жұмыс істеу үшін қаржы ұйымы исламдық банк болуы міндетті емес.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазіргі кезде екі сондай банк бар. Біреуі – Абу–Даби коммерциялық, екіншісі – «Заманбанк» деген. Бірақ олардың үлесі нарықта 1 пайыздан төмен.
Енді бұл көрсеткіш өсуі мүмкін. Оған қоса, заңда финтех пен цифрлық активтерді дамыту бағыты қамтылған. Ол күрделі сала. Бірақ бір анығы – енді осы саладағы жобаларға банктер көп қаржы құюға ынталануы мүмкін. Сол арқылы жаңа жобалар бастап, жұмыс орындарын ашу көзделген.
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Осы шаралардың эффектісі өте үлкен болады. Жалпы кредиттік нарық жеке тұлғаларға беретін несие қатты қысқарады. Одан кейін алаяқтыққа қарсы күрес. Өте жақсы шаралар бар. Оның ішінде біріншісі – банк адамның өзі қатысуынсыз алаяқтық жолмен кредит алып кетсе, ол адам оған жауап бермейді, банк жауап береді. Сондықтан банктер енді барлық кредитке мұқият қарайды.
Яғни енді банктер қауіпсіздік талаптарын күшейтуге мүдделі. Бұл да тұтынушылық кредитті азайтуы мүмкін. Өйткені соңғы кезде алаяқтар алған несие көбейді. Айтпақшы, енді «бөліп төлеу» жүйесі де несие саналады.
Бір затты алған кезде болатын мәліметтердің банктік өнім емес ретінде қарастырылуы бұл айналып келгенде азаматтардың қарызға белшесінен батуына, төлем қабілеттілігінің, яғни шығындарының кірісінен еселеп асуына әкелді. Ендігі мынау қабылданып жатқан заңда әрбір алған затыңыз несие болып есептеліп, бірінші кредиттік бюроға барғандықтан, жаңағы азаматтар бір тефаль сатып алса да, ол несие болып есептеледі.
Яғни банктер енді адамдардың тефаль сатып алғанынан пайда көруге емес, тефаль шығаратын кәсіпорындардың ашылуына жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін дифференциалды салық тәсілі енгізілді. Егер банк бизнеске қарыз берсе – 20 пайыз, жеке тұлғаларға несие берсе – 25 пайыз салық төлейді. Оның әсерін келесі жылы көреміз. Ал қазіргі көрсеткішке қарасақ, жалпы 37 трлн теңге несиенің 14 трлн–ы ғана бизнеске берілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы