Қызылорда облысында шалғай ауылдарға ауызсу берілді
Қызылорда облысында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірнеше елді мекен орталық ауызсу жүйесіне қосылды. Әлеуметтік маңызды жоба мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жылдар бойы құдықтан су ішіп келген ауыл жұртының қуанышына тілшіміз Әділбек Серікұлы куә болып келді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қазалы ауданындағы Шәкен ауылы Қарақұм даласында орналасқан шалғайдағы елді мекендердің бірі. 60-тан аса түтіні бар аядай ауылға орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылып, тұрғындардың өзекті мәселесі шешімін тапты.
Ауыл мен аудан орталығының аралығы 120 шақырым. Мұнда қоныс тепкен халықтың негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Елді мекен құрылғалы жұрт құдықтан су ішіп тіршілік етіп келеді. Енді, міне, ұзақ жылдардан бергі көптің талап-тілегі орындалып, ауылға ауызсу берілді.
Қуаныш Смағұлов, ауыл ардагері:
Ауа райының салқын болуына қарамай, ел-халық жиналып, балаға дейін қуанып жатыр. Бүкіл халыққа осы қызмет істеген жұмысшыларға рақмет айтамыз.
Елді мекенде 350 метр тереңдіктен скважина қазылып, су тұщыту қондырғыларымен жабдықталған. Ауылішілік 8 шақырым құбыр желісі тартылып, әр үйге сапалы ауызсу келіп тұр. Ең бастысы тіршілік нәрі үзбей беріліп отырады.
Рәзия Тасмағамбетова, ауыл тұрғыны:
Бүгін ауылға су келіп жатыр. Автоматты кір машинаны қолданып, қолымыз ұзарып, жеңілдеп жатыр десек болады. Және қаланың өміріне бірте-бірте жақындап жатырмыз.
Жалпы, мемлекетке қайтарылған активтер қаражатынан Қазалы ауданында 5 жоба қаржыландырылған. Соның арқасында биыл шалғайда жатқан 4 ауыл ауызсу жүйесіне қосылды.
Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:
Бүгінде Қазалы ауданының халқы 100 пайыз ауызсуға толық қосылды. Оның ішінде Сарбұлақ, Шәкен, Шилі, Шитүбек елді мекендері 1,5 млрд теңгеге ауызсу қосылып, игілігін көруде.
Тәуелсіздік күніне орай Арал ауданына қарасты Тоқабай мен Ерімбетжаға ауылдары да сапалы ауызсуға қол жеткізді. Осылайша Қарақұм даласындағы шалғай елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту мәселесі толық шешімін тапты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы