Қазақ телевизиясының майталманы Совет Масғұтовқа ескерткіш орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының майталманы Совет Масғұтовқа ескерткіш орнатылды

28.02.2019

Телеөнердің тарланы Совет Масғұтовтың туғанына - 80 жыл. Ол 1939 жылы 27 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туып-өскен. Сол кезеңде өлшеусіз білімімен Мәскеуге қызметке шақырылған тұңғыш телемайталман. Алғашқы кәсіби тележурналистің бейнесін өскелең ұрпақтың санасында қайта жаңғырту үшін бюсті қойылды.

Сондай-ақ, «Теледидардың дарабозы» кітабының тұсаукесері өтті. Алматыдағы қазақ телевизиясының қарашаңырағында өткен салтанатты шараға сала мамандары келіп, телевизияның саңлағы туралы естеліктер айтты. Өйткені Совет Масғұтов - саналы ғұмырын телевизияға арнап, оны жандандыруға бар күш-жігерін жұмсаған алып тұлға.

Совет Масғұтовтың мүсінін ашуға қазақ телевизиясының ардагерлері елдің әр өңірінен арнайы келді. Олар телеөнердің бүгінгі бейнесін түлеткен көпшілікке тау тұлғаның болмысы туралы баяндап берді.

Ғалымның хаты өлмейді. Телеөнерге толайым табыс әкеліп, еселі еңбек сіңірген Совет Масғұтов дайындаған «Мың да бір рахмет», «Пай-пай, жиырма бес», «Алтыбақан» бағдарламалары кеңестік кезеңнің өзінде-ақ қазақ халқының рухын көтеріп, ұлттық ұстанымын таныта білді.

Сұлтан Шәріпұлы, қазақ телевизиясының ардагері:

- Совет Масғұтов біздің Қазақстанда, қазақ телевизиясында ер адамдардың ішіндегі тұңғыш рет экранға шығып, тұңғыш рет хабар жүргізген дикторларымыздың бірі. Аса келісті, келбетті, орысша да, қазақша да еркін сөйлейтін, таза сөйлейтін.

Әлем әдебиетінің алыптарын қазақ тіліне аударған Совет Масғұтов «Тележурналистикаға кіріспе» кітабын жазып, жаңа өнердің жан-жақты дамуына зор үлес қосқан. Осы себепті оны қазақ телеөнері ғылымының іргесін қалаған зерттеушілердің бірі екендігі анық. Ғалымның туғанына 80 жыл толуына орай басылған «Теледидардың дарабозы» кітабында оның зерттеулері мен өлеңдері топтастырылған. Сонымен қатар, қызметтес дос-жарандарының ой-толғаулары да жинақталған.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу