Моңғолиядан қоныс аударғандардың еңбек өтілі ескеріледі
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына бөлінген субсидияға салық салынбайды. Бүгін Мәжілісте осыған қатысты заң жобасы мақұлданды. Сондай-ақ енді зейнетақы төлерде Моңғолиядан қоныс аударған қандастардың сол жақтағы еңбек өтілі есепке алынады. Тағы бір жаңалық - қару иелері мен күзет қызметі ұйымдарына талап қатаңдайды. Төменгі палата отырысында мақұлданған заң жобалары жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Енді Моңғолиядан қоныс аударған қандастарға зейнетақы тағайындау кезінде сол жақтағы еңбек өтілі есепке алынады. Мәселен, Моңғолияда 10-20 жыл еңбек еткен кез келген қандастың жұмыс өтілі Қазақстанға көшкеннен кейін ескеріліп, жинақтаушы зейнетақы жарналары экспортталады. Бүгін Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдап, оны Сенатқа жолдады.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ол жерде бізде екі статус бар. Біріншіден, Моңғолиялан келетіндердің оралман ретінде алатын статусы бар. Екінші – жай өздері монғол азаматы ретінде көшіп келеді. Сол себептен осы мәселелердегі заңдық коллизиялардың барлығы реттелетін болады.
Салық кодексіне өзгеріс енгізілді
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Айта кетейік, биыл елімізге 13 200 этникалық қазақ қоныс аударған. Соның 3 пайызға жуығы Моңғолиядан келген. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Моңғолияда 100 мыңнан астам қандас тұрып жатыр. Төменгі палата отырысында қаралған таң бір заң жобасы Салық кодексіне арналды. Дәлірек айтсақ, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске жаңа норма енгізілді. Оған сай Маңғыстау халқын электр энергиясымен, жылу және сумен қамтып отырған атом энергетикалық комбинатына бөлінген субссидияға салық салынбайды. Өйткені бұған дейін кәсіпорынға берілген қаржының 20 пайызы салық ретінде қайта алынып отырған. Қазір комбинат банкроттықтың сәл-ақ алдында тұр.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Берілген ақша толықтай сол қарыздарды жабуға немесе даму жабдықтарын жөндеуге толық жұмсалуы үшін біз салықты алып тастап отырмыз. Себебі ол мемлекеттің мекемесі, мемлекеттің ақшасы. Сондықтан ол сол жерде толық тиімді жұмсалуы керек. Бірақ бұл норма уақытша. 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін осылай белгіленіп отыр.
Қару иелері мен күзет қызметіне талап қатаңдайды
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Сондай-ақ енді қару иелері мен күзет қызметін ұйымдастырушыларға талап қатаңдайды. Отырыста қару айналымы мен күзет қызметін реттеуді көздейтін заң жобасы мақұлданды. Енді қызметі тоқтаған заңды тұлғалар қаруды 10 күн ішінде тиісті органдарға тапсыруға, күзет ұйымдары уәкілетті органға есеп беруге және қызметін тоқтату не қайта бастау туралы 5 күн ішінде хабарлауға міндеттеледі. Сонымен қатар әскери және арнайы органдарға бақылау талаптары нақтыланып, қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету тәртібі жетілдіріледі және «әскерилендірілген теміржол күзеті» ұғымы енгізіледі.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әскерилендірілген теміржол күзеті қызметінің негізгі мақсаты – транзиттік теміржол жүк тасымалдарына тартылған терминалдар аумақтарында жүктерді және теміржол көлігі объектілерін үздіксіз күзетуді қамтамасыз ету.
Депутаттар еңбек мигранттарына қосымша салық салуды ұсынды
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Жиында бірқатар ұсыныстар да айтылды. Мәселен, депутаттар еңбек мигранттарына қосымша салық салуды ұсынды. Өйткені Қазақстандағы еңбекақы деңгейі Орталық Азия елдері арасында ең жоғары болып отыр және аймақтағы орташа көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі. Оған қоса жалдамалы еңбек күшіне сұраныс алдағы 10 жылда 3 млн адамға жетеді деген болжам бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы