Қоңыр Мандокидің 75 жылдығына орай конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоңыр Мандокидің 75 жылдығына орай конференция өтті

11.02.2019

Алматыда әлемге әйгілі ғалым Қоңыр Мандокидің туғанына 75 жыл толуына орай халықаралық конференция басталды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы «Ұлы дала және Мандоки мирасы» атты басқосуға бауырлас түркі елдерінің беделді ғалымдары келді.

Иштван Қоңыр 1944 жылы Мажарстандағы Дунай мен Тисса өзенінің аралығында орналасқан Кішіқұман аймағында дүниеге келген. Әкесінің өсиетімен түп-тамырын іздеп, ұлы даланың тарихын зерттеген.

Белгілі түркітанушы Қоңыр Мандоки саналы ғұмырын Тұран ойпатындағы байырғы өркениетті зерттеуге арнады. Себебі ол түбінде ұлы даланы мекендеген халықтың бірігетініне сенді. Сол жолда аянбай еңбек етті.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Ғалым Қазақстан мен Мажарстан арасына алтын көпір болған. Кейін бақилық болғанда да өзінің аманатымен қазақ жеріне Алматыға қойылған.

Алқалы жиынға ғалымның мұрасын көзінің қарашығындай сақтап жүрген жұбайы Оңайша Мақсұмқызы арнайы келді. Ол түркітанушының тағылымды өмірі туралы баяндама оқыды.

Оңайша Мандоки, Қоңыр Мандокидің жұбайы:

- Қазақ халқы өзінің дара ұлы Қоңырды ұмытпағанына мен өте қуаныштымын және қазақ халқына рахмет айтамын. Қоңыр қазақтың кең даласын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тарихын өте жақсы білді.

Көшпенділердің ұлағатты тарихын зерделеген ғалымның игілікті ісі жалғаса бермек. Өйткені бүгінде оның еңбектерін зерттеп жүрген жас ғалымдардың қатары қалың. Осы себепті түркітану ғылымының ауқымы кеңейіп, мәртебесі артып келеді. Сондықтан зиялы қауым Қоңыр Мандокидің зерттеулерін барша түркі халқының өскелең жастарына насихаттау қажет деп есептейді.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу