Ресей жұртын өнерімен таң қалдырып, тәнті еткен қазақ өнерпаздары. Мәскеуде өткен халықаралық би байқауында Қазақстаннан барған «Бахар» би ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Көптеген мемлекеттен жиналған бәсекелестерінен оқ бойы озып шыққан өнер ұжымы елге оралды. Алматылықтар оларды әуежайдан сән-салтанатымен күтіп алды.
Халықаралық байқаудың іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен біздің топ ақтық сында «Жігіттер» және «Лезгинка» биін тамаша орындап, көреремендердің ыстық ықыласына бөленген. Тіпті, «Қазылар да орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті», - дейді жанкүйерлер.
Бауыржан Исабаев, жанкүйер:
- Балалар билеп болған соң залдағы адамдар орындарынан тұрды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Рита Асланованың айтуынша, топ түрлі этнос өкілдерінен құралған. Ал, достығы жарасқан, ауызбіршілігі мол ұжым әркезде дүбірлі додаларда топ жарып, көш бастап жүр. Десек те, Мәскеуде болған жарыста кілең мықтылар қатысқан. Сондықтан, өнер көрсету де оңай болмады.
Рита Асланова, «Бахар» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Біздің топта қазақ, орыс, кәріс, әзірбайжан, ұйғыр және тағы басқа этностың өкілдері өнер көрсетеді. Қазылар алқасының мүшелері Қазақстандағы диаспоралардың достығы ерекше екендігін айтты. Біз еліміздің намысын қорғап, сенімін ақтадық. Ойдағыдай өнер көрсеттік, деп білеміз. Бірақ, осы байқауда жеңіске жетеміз деп мүлдем ойламадық.
Тамерлан Қуанышқали, «Бахар» би ансамблінің мүшесі:
- Біз гран-при алғанда қатты қуандық. Жеңеміз деп ойлаған жоқпыз.
Бұл халықаралық би байқауының деңгейі өте жоғары. Оған қатысуға ТМД елдерінен 1000-ға жуық өтініш түскен. Алайда, іріктеу кезеңінен тек 100 топ өткен.
Амангелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.