Басты Жаңалықтар Таразда кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді

Таразда кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді

Тараз қаласында кітапханашылар кітап оқуды насихаттау үшін, кітаптарын көтеріп мемлекеттік мекемелерге арнайы барады. Биыл жыл басынан басталған жаңа тәжірибе өз жемісін берген.

Қала бойынша кітап оқуға құштар сан саладағы қызметкерлер саны артқан. Олардың қатарында аурухана, почта қызметкерлерінен бастап сот жүйесінде істейтін судьялар да бар. Олар қат-қабат жұмыстан кітапханаға арнайы баруға уақыт таппайды. Сондықтан кітапханашылар жұмыс орнына барып, жаңа туындыларды таныстырып, бір ай мерзімге оқуға береді. Айталық, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын облыстық соттың барлық қызметкері қала кітапханаларының оқырманы ретінде тіркелген. 

Думан Мәуленов, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Әр қызметкер ай сайын кемінде 1 немесе 2 кітаптан алып жатырмыз. Жалпы бала, отбасымен байланысты істерді қарайтын болғандықтан, біздің судьялар белгілі деңгейде жақсы психолог та болуы керек. Сондықтан мен байқаймын бізді судьялар сол психологияға байланысты, бала мен ата-ананың қарым-қатынасына байланысты кітаптарды, мынау ювеналогия деген ғылым бар, сол бойынша кітаптарды жиі алып, оқып жатады.

Осылайша кітапты насихаттаудың көшпелі тәсілі оқырман көңілінен шығып жатыр. Жалпы қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне 17 кітапхана кіреді. Оларда 502 мың данаға жуық кітап қоры бар десек, тең жартысы мемлекеттік тілде жарық көрген.

Әйгерім Бекпатшаева, №6 қалалық кітапхана меңгерушісі:

Мұғалімдерге де әрдайым кітаптарымызды насихаттап тұрамыз. Өзіміз ұсынып, апарып, солармен бірге ой бөлісу жүргізіледі. Қала тұрғындарының кітап оқуға деген мәдениеті жоғарылады. Көркем әдебиетке деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Ол адамның көзқарасын, әдебиетке деген қызығушылығын оятады. Біздің қорымыздың басым бөлігі осы көркем әдебиет.


Бөлісу