Басты Жаңалықтар Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарлама бекітілді

Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарлама бекітілді

Бүгін Үкіметте халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарлама бекітілді. Оны Үкіметтің өзі, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірлесе іске асырмақ. Құжат алдағы 3 жылға арналған. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қажет. Яғни, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету және импортқа тәуелділікті азайту басты міндет болып отыр.

Бұл - 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарлама. Елдің әлеуметтік-экономикалық бағытта дамуына тікелей тетік болар маңызды құжат.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру, экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі және инфляцияны төмендету есебінен қамтамасыз етіледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты - экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5 пайызға және халықтың нақты табысын орта есеппен 2,3 пайызға арттыру.

Алдағы 3 жылда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі де қаралады. Бизнес жүргізу үшін кедергілерді жою және мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайту, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу сияқты маңызды бағыттар да бағдарламада қамтылған.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

Халықтың табысын көтеру үшін, біріншіден, әрине инфляцияны төмендету керек. Биыл, келесі жылы осы жұмысты шешуге арналған бүгін сіздер бағдарламаны естідіңіздер. Бүкіл құралдар, тетіктер, осы бағдарламаның ішінде бар.

2026 жылғы шілдеден ипотекалық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға дейін төмендетіледі. Жеке бір әдістеме әзірленбек. Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі бастапқы жарнаға қарай әркелкі белгіленуі мүмкін.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

Бастапқы жарнаңыз неғұрлым көп болса, алатын несиеңіз соғұрлым аз болады. Сәйкесінше, пайыздық мөлшерлемені де барынша төмен етуге болады. Негізгі тәсіл осындай принципке құрылады. Басқаша айтсақ, бұрынғыдай 25 пайыз деген жалғыз мөлшерлеме болмайды. Негізінен біз қазақстандықтарды бастапқы жарнаны көбірек салуға ынталандыруға күш саламыз.

Жалпы, ипотекалық кредиттер жыл басынан бері 10,4 пайызға өсті. Сондай-ақ биыл 9 айда кепілді тұтынушылық кредиттер, оның ішінде автокредиттер 4,8 трлн теңгеге жеткен. Елімізде өткен жылы коллекторларға азаматтардың несиелерін сатуға 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізілген болатын. Соның нәтижесінде коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыз алушылардың саны 54 пайызға азайды. Оң өзгеріс байқалғандықтан, мораторий мерзімін 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту жоспарланып отыр.


Бөлісу