Басты Жаңалықтар Ғалым Доскен өмірден өтті

Ғалым Доскен өмірден өтті

Қазақтың көрнекті мәдениет қайраткері, қазақ телевизиясының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер азамат Ғалым Доскен өмірден өтті.  Ғалым Төлембекұлы екі мыңыншы жылдардың басында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы болып, арнаның ұлттық мазмұнда өрістеуіне жол ашты. Сол кезде эфирге шығып, қазақ көрерменінің көзайымына айналған «Шынның жүзі», «Күлтөбе», «Ақжүніс» бағдарламалары бүгінде қазақ теледидарының алтын қорына айналды.

Екі мыңыншы жылдардың басы отандық телевизияның алтын дәуірі іспеттес. Қазақша бағдарламалардың үлесі артып, ұлттық нақыштағы тақырыптар қозғала бастады. Ғалым Доскеннің медиаменеджерлікке келген кезеңі де сол тұс. Көгілдір экранның көркі болған «Алтын сақа», «Ақжүніс» және «Үзеңгі жолдас» жұрттың жүрегіне жол тапты. «Мезгіл» саяси сараптамасы мен  «Шынның жүзі» бағдарламаларында да оның қолтаңбасы сайрап жатыр.

Ол қайраткер еді. Онда да атқа мініп, әкім болып ел басқарған жоқ. Кеңестік идеология көрпесінің астында қалғып кеткен халықтың ой-санасын оятуға тырысты. Тіпті «Ән мен Әнші» жобасын жүйелеп жарыққа шығарған да Ғалым Доскен болатын. Көпшілік ол кезде орыс пен өзбектің әуеніне тамсанып жүрген. Өнерге өң, өнерліге дем берген дегдар тұлға сол шақта «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты жинақ шығарып, төл өнерді дәріптеді.

Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның халық әртісі:

Ғалекеңнің айтуыменен қазақ жанды, қазақ үнді әншілердің көпшілігі сахнаға көтерілді. Дәстүрлі орындаушылардың, күйшілер, әншілер мен жыршылардың үлкен еңбектері таңбаланып күйтабақтары шығарылды.

Қазақстан арнасының логотипінен бастап, жарнамадағы жазулар, тіпті жаңалықтың безендірілуіне дейін ұлттық құндылықтар көрініс тапты.

Ғалым Доскен 1960 жылы дүниеге келген. Мектепті алтын медальға бітіріп, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында филология факультетінде білім алды. Мағауиндердің өкшебасар інісі ретінде қасына ерді. Ізденімпаздығымен көзге түскен бозбала, жастайынан  қатарластарының алды болған көрінеді.

Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

Мектептен келге кездің өзінде Ғалымның білім қоры өте мол болатын. Жылдардың ішінде тоғыз құйрықты, ақ түлкі деген шетелдің ертегілерін аударды.  Қазір соны оқып көріңізші, керемет тіл. Ғалымның қолынан жазу да келетін еді. Бірақ Ғалым оған илікпеді. Өйткені Ғалымның істейтін шаруасы одан да көп еді.

Соңғы жетекшілік еткен туындыларының бірі былтыр түсірілген «Соңғы үкім» фильмі. Толықметражды тарихи драма ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының күреске толы ғұмырын сипаттайды. Ол режииссер де, сценарист те, журналист те болды. Өйткені оған өресі жететін еді. Жұртты бір іске жұмылдыру, елді ұйыстыру да қолынан келетін, - дейді аға буын өкілдері.

Тұрсын Жұртбай, жазушы, тарихшы:

Тұрсынжан, Талас Әсемқұлов, үшеуі тел өсіп, білімнің барлық саласында, оның ішінде әдебиет пен өнерге тереңдеп кірді. Өз жастарына дейінгі аралықта олар білмейтін дүние некен саяқ болатын. Ал Ғалымның солардың басын қосып, ілгеріден ілгеріге жетекші ретінде көрінді.

Оның аты ғана емес, заты да ғалым еді. Не нәрсеге ғылымның көзімен қарап, зерделеп барып кірісетін. Эфирді адамға құр ақпарат беретін алаң емес, ұлттың рухы мен жады жаңарып тұратын қасиетті кеңістік деп санайтын. Сол себепті қандай қызмет атқарса да, ең алдымен қазақтың үнін күшейтуді, ұлттық мазмұнды кеңейтуді мақсат етті.

Бөлісу