Басты Жаңалықтар Ақмола облысының Бурабай ауданында екі мәдениет үйі ашылды

Ақмола облысының Бурабай ауданында екі мәдениет үйі ашылды

Республика күні қарсаңында Ақмола облысының Бурабай ауданында екі мәдениет үйі ашылды.

Бір жарым мыңға жуық тұрғыны бар Кенесары ауылында салынған нысан  120 орынға шақталған. Жобаның сметалық құны 581 миллион теңге. Мәдениет ошағы кәсіби жарық беру және дыбыс қондырғыларымен, жаңа жиһазбен жабдықталған. Ал Ұрымқай ауылындағы мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бастан аяқ жөнделді. Оған облыстық бюджеттен 265 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Ғимараттың шатыры мен едені, есік-терезелері түгел жаңартылды. Сонымен қатар жылу, су және электр энергиясымен қамту жүйелері де ауыстырылды. Ауыл тұрғындары үшін бұл көптен күткен қуанышты сәт.

Жаңалық Түймақов, Ұрымқай ауылының тұрғыны:

Мәдениет үйі 1961 жылы істелінгенімен, содан бері ешқандай күрделі жұмыс жасалған жоқ. Мемлекет күніне қарай бізге үлкен сыйлық жасады. Іші жылы, кітапханасы бар. Балаларға қаншама үйірмелер ашылып жатыр, домбыра үйірмесі ашылып жатыр. Міне, кітапхана ішінде тұрмыз. Балаларға қаншама кітаптар бар.

Сондай-ақ Көкшетауда екі мектептің оқушылары заманауи үлгіде салынған жаңа ғимаратқа көшті. Мектептердің бірі 64 жыл бұрын салынып, бүгінгі күні апатты жағдайда тұрған. Енді осында оқитын 500 бала жаңа ғимаратта бір ауысымда оқып, түстен кейін түрлі үйірмелерге қатыса алады. Жалпы, жыл басынан бері Ақмола облысында 5 мектептің оқушылары жаңа ғимаратқа көшірілді.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
Республика күні қарсаңында ашылып жатыр. Бұл да бір үлкен мәртебе. Апатты мектептің орнына бір жылдың төңірегінде жаңа келешек мектептердің стандартымен осындай мектеп бой көтерді. Тағы бір ерекшелігі - бұл енді әлеуметтік жауапкершілік серіктестіктің арқасында жасалып отырған мектеп. Бюджеттен қаражат бөлінген жоқ.


Бөлісу