Мереке күндері Ұлттық арна ұлттық рухтағы төл туындыларды ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мереке күндері Ұлттық арна ұлттық рухтағы төл туындыларды ұсынады

10.12.2018

Тәуелсіздікке тарту! Еліміздің басты ұлттық мерекесінде Ұлттық арна ұлттық рухтағы төл туындыларды ұсынады. Демалыс күндері көзіқарақты көрермен жеңіл-желпі дүниелер емес, танымдық-тәрбиелік маңызы бар жобалармен сусындамақ. Мерекелік эфирде «Кейкі мерген» және «Күй ғұмыр» атты тарихи телехикаялардың тұсауы кесіледі.

«Qazsport», «balapan» арналарының тұрақты көрермендерін де мазмұнды мерекелік тың бағдарламалар күтеді. Жаңа өнімдердің дәл осы күндері эфирге жол тартуының себебі – халық арасында Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын арттыру. 

Қазақ даласындағы 1900-1922 жылдар аралығындағы тарихи кезең. Ұлт тағдырына тықыр таянған кез. Осы дүрбелең дүниеде «елім» деп атқа қонған Кейкінің тартысқа толы ғұмыры тарихи драмалық телехикаяға арқау болмақ. 16 эпизодтан тұратын көркем туындының 4 сериясын көрермен бір күнде тамашалайтын болады.

Ал, «Күй ғұмыр» телехикаясы қазақтың жаны, күй өнері – домбыра жайында. Үлкен әулеттің ақсақалы бала-шаға, немере-шөберелерінің домбыра ұстауына қарсы. Сырттай қарағанда өте мейірімді қария домбыра, күй дегенде түсін суытады. Оның сыры неде? Сюжет желісі осы бағытта өрбиді. 

Сондай-ақ,  бұл күндері ата-баба арманы - Тәуелсіздік алған күн, 20 жылда егемен елде болған айтулы оқиғалардан сыр шертетін арнайы жобалар көрсетіледі. Әлбетте, мерекелік концерттер мен ойын-сауықтық бағдарламалар да көрермен көзайымы болмақ.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:

Биыл жыл басында басталған үлкен жобаларымыз «Men Qazaqpyn», «Qazaqstan Fighter» реалити-шоулары немесе жаңа, үлкен көлемді тарихи-драмалық телехикаялардың тұсаукесерлерін біздер арнайы осы Тәуелсіздік күніне жоспарладық. Ондағы мақсат – осындай үлкен тұсаукесерлерді мереке күндері беру арқылы Тәуелсіздік күнінің маңызын одан бетер арттыру.

Ал, спортсүйер қауым үшін «Qazsport» арнасы «Qazaqstan Fighter» реалити-шоуының финалы мен «Астана арланс» кубогына арналған кәсіби бокс кешін ұсынса, «bаlаpаn» арнасы кішкентай көрермендеріне 3 жаңа мультхикаяны тарту етпек. Көрер қызық алда,. Ендеше, назарыңыз Ұлттық арнада болсын!

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу