Шөген добының түпнұқасы Қарағанды облысының Жезді кентіндегі мұражайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шөген добының түпнұқасы Қарағанды облысының Жезді кентіндегі мұражайда тұр

10.12.2018

Бүгінде поло деген ат спортының түрі әлемге әйгілі. Ал, оның түркілерден шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақ мұны шөген деп атаған. Ол өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін қазақ балалары ойнаған ат спортының түрі. Дәл осы шөген добының ең көне және түпнұқасы Қарағанды облысының Жезді кентіндегі мұражайда тұр. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, бұл ұлттық ойын елімізде қайта жаңғырды.

Тай үзеңгісінде тұрған мына шөген добын осы Жезді кентінде тұрған Мырзахан Сақалов есімді қария әкеліп тапсырған. Асық немесе тобыққа сиыр жүнін орап жасаған киіз допты  балалар тайға мініп, имек таяқпен соғып ойнаған. Осылайша, атқа мінудің қыр-сырын меңгеріп, кейін көкпар сынды күрделі ойындарды үйренген.

Зейпін Қазанбаева, мұражай директоры:

Түркі заманынан бұрын да бұл ат ойындарының бірі ретінде келген. Жалпы, ақсақалдың әңгімесіне қарасақ, 13-14 жасында атқа мінуді үйренсе, 19-20-да соқталдай, епті жауынгер болған.

Қазақ даласында атқа мінудің ерте кезден қалыптасқанының бір көрінісі  - осы түркі заманынан жеткен шөген ойыны. Мұның байыбына барып, бүгінде насихаттап жүрген азаматтар да бар.  Жамбыл облысында тіпті шөгеншілердің  командасы қалыптасқан. 2015 жылы құрылған команда аз уақытта-ақ шетелдерде полодон өткен халықаралық турнирлерде азулы деген қарсыластарға қарсы сәтті ойын көрсеткен.

Нұрдәулет Момынов, команда жетекшісі:

Сендердің атқа отыру мәнерлерің өте күшті, мына ойын түкке де тұрмайды, үйреніп алыңдар деп, сол кезде Аргентинаның керемет маманы пікір білдірген. Негізі мұның түбін, тарихын зерттеп келсек, түркілерден шыққан.

XV ғасырда қытайлық беймәлім суретші матаға шөген ойнағандарды бейнелеп, оны түркілерге тиесілі ойын деп жазған. Этнографиялық зерттеулерде, тарихи кітаптарда кең тараған бұл суреттің көшірмесі де Қарағанды облысы Жезді кентіндегі мұражайда ілулі тұр. Бұл да қазіргі поло ретінде танылған ойынның қазақтың шөгені екенінің дәлелі болса керек.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу