Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Алыптар апталығы» аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Алыптар апталығы» аяқталды

07.12.2018

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтіп жатқан телевизияның 60 жылдығына арналған «Алыптар апталығы» аяқталды. Үш күн бойы ардагерлер мен журналистиканың бүгінгі майталмандары жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Шара аясында 400-ге жуық студент нағыз ақпарат майданында шыныққан мықтылардың шеберлік сабақтарына қатысты.

Қазақ журналистикасының қара шаңырағындағы жастарға арнамыздың белгілі мамандары ақпарат саласының қыр-сырын үйретті. Ақпарат берудің тәсілдерін жан-жақты мысалдар арқылы айтты. Қымбат Досжан, Мейіржан Әлібекұлы, Гүлнәз Әлімгерей сияқты шебер тележүргізушілер мол тәжірибелерімен бөлісті.

Аружан Мырзатай, студент:

Эфирден көріп жүрген сүйікті журналистеріміз бүгін келіп, қуанып қалдық. Қарапайым, шынайы болуды ұқтым.

Шеберлік сағатында студенттер де сұрақтарын еркін қойып отырды. Ашық пікір білдіріп, ойларын ортақ талқыға салды. Қайрат Мұсақұлов «Журналистің сөйлеу мәдениетін», Маржан Болатханқызы,  Алмат Әбдіраман сынды журналистер эфирге ақпарат дайындау мен уақытты тиімді жоспарлауды жан-жақты талдау жасап, көрнекі құралдармен көрсетті.

Нұртілеу Иманғалиұлы, қазақ телевизиясының ардагері:

- Жалпы, республикамызда қазір 100-ге жуық телеарна бар. Солардың арасында «Qazaqstan» Ұлттық арнасының бірегей екеніне күмән келтірмеймін. Ұлттық арнасының ғана емес, қазақ елінің телевизиясының 60 жылдығын тойлау жыл бойы жалғасып келе жатқандығы - бұл болашаққа жасалған үлкен қадамдардың басы.

Ұлбосын Айтөлен, қазақ телевизиясының ардагері:

- Дәстүр сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалғандай болды. Қазір қайта жарасымды жалғасын тауып жатыр. Сол, ең бастысы журналистер ұлттық мүддені ұмытпаса, оның хабары ең танымал, ең тағылымды хабарға айналады дегім келеді.

Телевизияның 60 жылдығына арналған тағылымды шара осылайша тәмамдалды. Бірақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Ұлттық арнаның арасындағы ынтымақтастық жалғаса бермек. Өйткені, мамандар студенттерді осы кезден бастап іс-тәжірибеден өтуге шақырды.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу