Егемендік декларациясы – елдікке бастаған тарихи құжат
ХХ ғасырда әлемдегі ең үлкен державаның бірі болған Кеңес одағы сексенші жылдары тоқырай бастады. Оған себеп – Горбачевтің билікке келіп, «қайта құру» ұранын жариялап, жаңа реформаларды енгізе бастауы. Бұл өзгерістер біздер үшін үлкен мүмкіндікке айналды. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғары кеңесі «Егемендік декларациясын» қабылдады. Бірақ бұл құжатқа қол жеткізу оңай болған жоқ. Саяси алаңда шиеленіс күшейді, пікірталас қыза түсті.
Ақниет Балтанова, тілші:
35 жыл бұрын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде мына қолымда тұрған Егемендік декларациясын қабылдау мәселесі қаралды. Дауыс беруге 335 депутат қатысып, оның 71-і қарсы шыққан, екеуі қалыс қалған. Демек бұл - сол кездегі саяси пікірдің саналуандығын көрсетеді. Бірақ көпшілік дауыспен яғни 261 депутаттың қолдауымен декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіздікке бет алған алғашқы және тарихи маңызды қадамы жасалды.
Зулфухар Ғайыпов, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Қарсы болған ірі кәсіпорындардың басшылары, Қарулы күштердің басшылары болған екен. Неге? Мынау үлкен пирамида құлап жатыр ғой. Ертең біз не боламыз деген сөз? Ал ойлап қарасақ, сол кезде Қазақстанның экономикасы кіндігімен 90%-ке орталыққа тәуелді болды.
Иә, үрей мен үміт қатар алмасқан кезең. Таразының бір басында – сол кездегі тұрақтылық тұрса, екінші басында – арпалыс, егемен ел болуға деген құлшыныс һәм белгісіздік тұрды. КСРО қайта құру кезеңін бастағанда Балтық елдері өз дербестігін алып жатты. Ал Қазақ КСР Жоғары кеңесі арнайы комиссия құрып, Егемендік декларациясын дайындауға кірісті. Бұл комиссияға академик Салық Зиманов төрағалық етті.
Бүркітбай Аяған, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор:
Бір қызығы, Алматыда декларацияны қабылдау туралы дискуссиялар Парламенттің ішінде жүріп жатса, онда Салық Зиманов, академик Жабайхан Абдилдин, тарихшылардан Манаш Қозыбаев – сол кісілер жалынды сөздер айтып, әр бапты дәлелдеп жатса, екінші жағынан сол кезде Алматыда және ірі қалаларда, әсіресе қазақ интеллегенциясы шоғырланған жерде кәдімгі толқу басталды. Менің анық есімде, сол кезде Жоғары Совет отыратын жерде Жасарал Қуанышалин, Хасен Қожахмет ұйымдастырған митингілерді мен өз көзіммен көрдім. Бір қызығы, өнер адамдары сол жерде, әнші, әртіс азаматтарымыз, ғалымдар тобы сол ғимараттың жанына келіп, декларацияның қабылдануын талап етіп отырды.
13 жыл бойы егемендік ұғымы – Желтоқсан оқиғасымен ұштасты. Сондықтан Жастар Тәуелсіздікке қадам сол кездерден бастау алады деп біледі. Бірақ біздің егемендікке ұмтылуымыздың тарихы одан да ерте басталған. Тарихты тани түсу үшін Ұлттық архивке бас сұғып, құжаттармен мұқият таныстық.
Мақпал Мырзақасымова, ҚР Ұлттық Архиві құжаттарды қабылдау бөлімінің жоғары деңгейлі архивисі:
Осы тәуелсіздікке келу жолында ең алғашқы декларацияны атап өтуіміз керек. Бұл декларацияның бізде көшірмесі сақталған. Осы декларацияның негізінде Қазақ Кеңесінің атауын өзгерту туралы қаулы, заңдар шыққан. Осы заңның негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік туралы заңымыз қабылданған.
Дәл солай, алдымен Егемендік декларациясы қабылданып, артынша өзге де құжаттарды бекіте бастадық. Сол себепті тарихшылар мен саясаткерлер «декларация – тәуелсіздігіміздің жартысы» деп баға береді. Президенттің 25-қазанды – Республика күні деп бекітіп, бұл атаулы датаға маңыз бергенінде осындай мән бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
