Елімізде ескерткіш орнатудың ережесі қандай?
Соңғы бес жылда еліміздің 10 өңірінде 49 ескерткіш заңсыз орнатылған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Министрдің мәліметінше, монументтік өнер нысандарының көбі заң талаптарын сақтамай, республикалық комиссияның келісімінсіз тұрғызылған. Ал мамандар бұл жағдайға саланың жүйесіздігі мен бақылаудың әлсіздігі себеп деп отыр. Мәселені түбегейлі шешу үшін не істеу керек? Ескерткіш орнатудың ережесі қандай?
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заңсыз орнатылған ескерткіштің көбі Түркістан, Қостанай облыстарында қойылғанын жазды. Сонымен бірге Абай, Ақмола, Атырау, БҚО, Қызылорда, ШҚО-да монументтердің заңсыз орнатылғаны анықталған. Тіпті республикалық комиссия қолдамаған мүсіндер де аймақтарға қойылған.
Нұрдәулет Сұлтанбек, облыстық Мәдениет басқармасы тарихи құндылықтарды қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Оның ішінде аудан тарапынан облыстық комиссияға ұсынылмағандары да бар. Және аудан, қала әкімдіктеріне хабар бермей, жергілікті қоғамдық қордан жеке тұлғалар есебінен салынып кеткен ескерткіштер де кездеседі. Уәкілетті органнан көшпелі комиссия келіп, 17 ескерткіш бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Мэлс Әбдірахманов, облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:
Нәзипа Құлжановаға салынған бюст Арқалық қаласындағы түпнұсқадан түрі мен келбеті келмейді дегенге байланысты бұзылды. Оны алып тастадық.
Ережеге сәйкес, ескерткіш тек
мемлекет бекіткен мерейтойлық, тарихи даталарға, тарихи тұлғалар тізіміне
енгізілген есімдерге арналып қойылуы тиіс. Монументтік өнер құрылысының жобасын
анықтау үшін республикалық шығармашылық конкурс өткізіледі. Комиссия мақұлдаса ғана
жүзеге асырылады дейді министрлік өкілдері.
Азамат Жолаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы:
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан, қоғам арасында, халық арасында жаңа монументтік өнер құрылыстарына бастамашы болған ЖШС-лардың арасында Заңнаманы яғни, монументтік құрылыстарын орнату қағидасын түсіндірмегеннен болады деп есептеймін.
Бұл мәселеде мүсіншілердің де өз уәжі бар. Мысалы, 2020 жылы Алматы облысының Бақанас ауылында Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш көпшілік арасында түрлі пікір туғызды. Ескерткіш авторы Алтай Бейсеновтың айтуынша, тарихи тұлғаның бейнесін жасауға небәрі бір ай уақыт берілген.
Алтай Бейсенов, мүсінші:
Мүсіншіге ойланатын, өзін-өзі дайындайтын уақыт беру қажет. Кем дегенде жарты жыл беру керек. Бюст болса, 3 ай болады, мүсін болса, 5-6 ай жасау керек. Ол үшін алдын ала конкурс жасалуы керек.
Ескерткіш орнату Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы қағидасымен реттеледі. Ереже бұзғандар үшін әкімшілік жаза қолданылады. Жеке тұлғаларға – 10, лауазымды және шағын бизнеске – 50, орта кәсіпке – 100, ірі бизнеске – 250 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қажет болған жағдайда, жүргізіліп жатқан жұмыстар түбегейлі тоқтатылады. «Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Ескерткіш өткенге құрмет ғана емес, келер ұрпаққа аманат», - деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
