Алматы колледждері жұмысшы мамандықтарына көп көңіл бөле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы колледждері жұмысшы мамандықтарына көп көңіл бөле бастады

02.09.2025

Елімізде жұмысшы мамандар тапшы. 2035 жылға дейін 1,5 млн-нан астам кадр тапшылығы сезілуі мүмкін. Сұраныс әсіресе, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласынан байқалады. Осы орайда колледждерге артылатын жүк ауыр.

Алматы құрылыс-техникалық колледж студенттері ағаштан жиһаз әзірлеп жатыр. Тағы бір цехте дәнекерлеу, құрылыс жұмыстарын үйренуде. Оқу ордасындағы 1200 студент 8 мамандық бойынша білім алады. Ал біліктілігімен көзге түскендер халықаралық жарыстарға қатысуда. Мәселен 4-курс студенті Дінмұхаммед Тынышбай сантехникадан «Turkish worldskills» сайысына қатыспақ.

Дінмұхаммед Тынышбай, студент:

Ақтаудағы жарыс – Түркі тілдес ұлттар аралығындағы жарыс болады. Ол жерде сантехника және су жүргізу. Бір ай дайындаламыз. Бір айдан кейін Ақтауға жол тартамыз. Бұл менің халықаралық алғашқы жарысым болады.

Оқу орнында студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Жастардың 37%-ы дуалды оқытумен тәжірибе жинайды. Негізгі пәндерге жасанды интеллект жүйесі енгізілген. «Business Startup» студенттік орталығы, академиялық ұтқырлық жобасы жұмыс істейді. Колледж халықаралық оқу орындарымен де тығыз байланыста.

Бектұрған Ахметов, колледж директоры:

Академиялық дербестік берілді бізге. Сол себепті Қытай колледждерімен ынтымақтастықты дамытып келе жатырмыз. Жоспарымызда Қытайға 15 оқушымызды тәжірибеден өтуге жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Оқу орнының ендігі мақсаты – Германия, Франция колледждерімен әріптестік орнату. «Көп қабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету» мамандығын ашу да жоспарда бар. Осылайша жылдағы талапкерлер санын 525 шәкіртке дейін жеткізбек.

Нұрдәулет Сыздық


Хабарламаларға жазылу