Жалпы, Перизат Қайрат көпшілікке қалай танылып еді? Қайырымдылық жасауды қашан бастады? Халықтың сеніміне кіріп, қанша қаражат жинады? Қылмыстық схема қалай жүзеге асты? Әріптесім Ернұр Медет қоғамдық резонанс тудырған оқиғаның хронологиясын тізбектеп көрді.
Ернұр Медет, тілші:
2021 жылғы 4 қазанда Перизат Қайрат жалған құжаттар арқылы «Biz Birgemiz» деген атаумен қоғамдық бірлестік тіркеген. Солай екі жыл бойы анасы Ғайни Алашбаевамен оңалту орталығын салу, мүгедек балаларға көмектесу, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру сынды желеулермен халықтан 126,7 млн теңге жинаған. Игі істердің бастаушысы болып көзге түскен азамат осылайша халықтың сеніміне кірді.
Одан соң, 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы сәуірге дейін олар Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетеміз деп тағы да ел алдына шықты. Бұл жолы тұрғындардан түскен 560 млн-нан астам теңгенің, тек 7,4 миллионы ғана діттеген жерге аударылған.
Ал былтыр Қазақстанның біраз бөлігі су тасқынынан зардап шегіп, төтенше жағдай енгізілген еді. Дәл осы сәтті анасы мен қызы ұтымды пайдаланды. Су астында қалып, тірлігі тұншыққан ағайынға қол ұшын созамыз деген желеумен жұрттан тағы да жылу жинады. Бірақ халық берген 2,8 млрд теңгеге жуық материалдық көмектің тең жартысынан астамын жеке басына жұмсаған. Жалпы келтірілген шығын – 3,5 млрд теңге. Бұл қаражатқа элиталық 4 тұрғын үй, жеке коттедж, 2023–2024 жылғы Mercedes-Benz ,Lexus LX 600, Haval маркалы көліктер, сондай-ақ гүл бизнесін сатып алған. Барлық мүлік толығымен тәркіленді.
Биыл 14 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. 10 күннен соң үкім шықты. Жалпы, бұл іс бойынша «Biz birgemiz» қорына қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды. Тұрғындар қайырымдылық қорына 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған екен.
Прокурор бастапқыда Қайратқа 10 жыл, анасына 8 жыл сұраған. Бірақ Ғайни Алашбаеваның жасы ескеріліп, жаза 1 жылға қысқартылды. Сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ және ақталуды сұраған. Алайда сот олар жасаған қылмыстары қоғамның сеніміне нұқсан келтіргенін айтып, ешқандай жеңілдік жасаған жоқ.
Қоғамда резонанс тудырған Перизат Қайраттың соты болып жатқан шақта ел билігі «Қайырымдылық қызмет туралы» заңға өзгертулер енгізуді қолға алды. Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар. Ең бастысы - барлық қайырымдылық ұйымы есебін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті болады.
Ернұр Медет
