Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданының орталығында аз қамтылған отбасылар үшін 9 үй салынып жатыр.
Екі пәтерлі нысанның құрылысын жергілікті кәсіпкерлер жақынарада аяқтамақ. Орталықтандырылған су жүйесі, табиғи газ, электр желісі тартылған. Үш бөлмелі пәтерлер кең әрі жарық. Тамыз айында 20 шақты отбасы баспаналы болмақ. Жалпы бүгінде аудан бойынша 320 адам кезекте тұр.
Виктор Воронов, жеке кәсіпкер:
Өткен жылы әлеуметтік бағдарлама туралы естіп, биыл төрт үйдің құрылысын бастаймын деп шештім. Алдымен бұл менің азаматтық борышым деп есептеймін. Барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Құрылысқа тек отандық материалды қолданып жатырмыз. Жұмысшылар жергілікті халық.
Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 340 млн теңге бөлінді. Ал өткен жылы әлеуметтік бағдарлама арқылы 7 отбасы үйлі болған еді. Тұрғындар кейін баспаналарын жекешелендіріп ала алады. Ол үшін жалпы бағаның 10 пайызын өтеп, қалғанын 15 жылға дейін бөліп төлейді.
Азамат Бейсенов, Қарабалық ауданы әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Тағы екі үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа беруге дайын тұр. Осы көшенің бойына толық жаңа нысандар салынады. Келесі жылы қаражат бөлінсе, жобаны жалғастырамыз. Биыл жергілікті үш кәсіпкер жұмыс істеп жатыр.
Мәдина Нағашыбай
