Құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде отырыс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде отырыс өтті

24.07.2025

Нашақорлық — қоғам дертіне айналып барады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізде 6,5 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Осы қылмысты кәсіппен айналысқан 474 адам ұсталды, 17 мыңнан аса есірткі сататын сайт бұғатталды. Сонымен қатар, 28 телеграм арна әкімшілері жауапқа тартылды.

Қазіргі таңда елімізде 17 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді ретінде диспансерлік есепте тұр. Есірткі бизнесіне қатысы бар 21 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленген. Олардың үшеуі — трансұлттық сипатта.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Есірткіге қарсы 11 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Оған 1 миллионнан астам жас қатысты. Есепті кезеңде қоғамдық орындарда алкоголь ішудің 107 мың дерегі тіркелді. Спирттік ішімдіктерді заңсыз сату бойынша 7 мың факті анықталды. 11 мың адамға арақ ішуге заңмен тыйым салынды. Бүгінде республика бойынша 402 елді мекенде тұрғындардың сұранысымен спирттік ішімдіктер мүлде сатылмайды. Бұл ауылдарда қылмыс фактілері толығымен тоқтаған.

Премьер-Министр Олжас Бектенов өткізген Үкімет жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында отбасылық қатынастардағы құқық бұзушылықтар мәселесі де қаралды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама күшейтілді. Әйелдер мен балаларға жасалатын әлімжеттік әрекеттері үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Соның нәтижесінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері 35 пайызға азайған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Біздің жұмысымыздың басты принципі осы. Сондықтан мемлекеттік органдар, әсіресе құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының бұл нұсқауының сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі қажет.

Болат Аманбай

Хабарламаларға жазылу